ЖАМБЫЛ АУДАНЫЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАМБЫЛДА САРҚЫНДЫ СУ МӘСЕЛЕСІ ҚАШАН ШЕШІЛМЕК?

Бүгін Тараз қаласында орналасқан «Баласағұн» мәдениет сарайында Жамбыл облысы әкімі Асқар Мырзахметов халық алдында есеп — беру жиыны өтті.

Жиынға Қазақстан Республикасы Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, мемлекеттік мекемелердің, құқық қорғау органдарының басшылары және аймақ тұрғындары қатысты. Өңірдің барлық ауданындарында тікелей байланыс жүргізілді. Облыстық қоғамдық кеңестің хатшысы Сембек Сейдазимовтің сұрағы:

— «Қазақстан Республикасында жалғыз Жамбыл облысында сарқынды су тазалайтын орын жоқ. Осы мәселеге көп жылдан бері көтеріліп келе жатыр, бірақ бүгінгі күнге дейін шешімін таппай отыр. Өздеріңізге белгілі, қазір жер асты суының мәселесіне мән бермесек бұл үлкен экологиялық қауіп-қатерге алып келуі мүмкін. Әрине бұл мәселеге келгенде облыс бюджетінің көтермейтінін білеміз. Республикалық бюджеттен қаржы сұрап болмаса осы мәселені шешуді өз қолыңызға алсаңыз деген халықтың өтінішін жеткізіп отырмын. Екінші мәселе, осы есептік кездесуге қатысып отырған министр мырза, Бақыт Тұрлыханұлы, сіз де осы мәселені қолдап, қол үшін берсеңіз деген сұранысымыз бар. Сауалым осы, рақмет!».

— «Өте маңызды мәселені көтеріп отырсыз, осы қызметке келген кезде облыстың басты проблемалары қандай деген сұраққа жауап іздедік. 4-5 сұрақты анықтады. Соның ішінде Тараз қаласы үшін ғана емес, облыс үшін шешімін табуға тиісті мәселенің бірі – осы сарқынды су жайы. Жамбыл ауданында болғанымызда да тұрғындар осы мәселені көтеріп отыр. 200 гектар жердің осы күні жарамсыз жерге айналғандығын, аққан сарқынды судың кесірінен тек қана ауыз су емес, бүгінгі таңда малдың өзі су ішпейтінін тұрғындар айтып отыр. Сондықтан да айтып отырған проблемаңызбен толығымен келісемін. Үкіметке барып осы мәселені көтердім. Тарихын да қарадық. 2005 жылдары бұл мәселе көтерілген екен. Сол уақытта құжаттар жасалып, саламыз деп кіріскенде бәрі қаржыға келіп тірелген. Қаржысы өте қымбат болған. 25-26 миллиард теңгенің көлеміндегі қаржы керек болған. Бұл девальвациядан бұрынғы бағаммен есептелгендегі есеп. Бұған бүгінгі күні қаржы бөлу қиын. Дегенмен, біз үкіметке республика бойынша осындай сарқынды суларды тазалауға қойылған қондырғыларға талдау жүргізіп жатырмыз. Соның бірі Түркістан қаласында. Осыдан 3-4 жыл бұрын құрылды. Әрине, халқы жағынан Түркістанды Таразбен салыстыруға болмайды. Құнын екі есе көбейткеннің өзінде 25 миллиард болмайды. Ондағы тазалайтын станцияның құны 2,7-2,8 миллиард теңге. Оны үш есеге көбейтейік. 10 миллиард болғанның өзінде оны 3 жылға бөліп, этапқа бөліп, құрылысты бастауға болады деп үкіметке айтып отырмыз»- деп жауап берді Асқар Мырзахметов.

Облыс әкімінің жауабына қосыла Қазақстан Республикасының қаржы министрі Бақыт Сұлтанов:

— «Осы орайда өз тарапымнан пікір қоса кетсем деймін. Биылғы жылдың жолдауында Елбасы су мәселесіне қатысты арнайы назарын бөліп, нақты тапсырмалар беріп отыр. Әр жыл сайын су мәселесіне 100 миллиардқа дейін қаржы бөлуіміз керек. Суды айтқан кезде барлық мәселені шешуіміз керек. Оның ішіне су қоймасы, ауыз су, аяқ су еніп, назарға алынады. Жаңа айтқан ұсынысыңыз нақты біздің бюджеттік комисияда айтылатын болады»

Ақпарат TURANINFO.KZ сайтынан алынды.

 

 

Добавить комментарий