2020 жылДенсаулық сақтау басқармасыЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫЖАҢАЛЫҚТАР

Жамбыл облысына Татарстан дәрігерлері келді

Жамбыл облысына Татарстан Республикасынан бір топ дәрігерлер келді. Шетелдік мамандар медициналық көмек көрсету, коронавирус инфекциясы мен пневмонияны емдеу бойынша тәжірибе алмасу мақсатында ат басын бұрған.

Татарстан дәрігерлері отырған ұшақ кеше кешке Тараздың Әулие-Ата халықаралық әуежайына келіп қонды. Делегацияны облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов  және «Тараз» ӘКК»ҰК» АҚ басқарма төрағасы Олжас Каржауов күтіп алды.

Келген дәрігерлердің қатарында дәрігер-инфекционист, анестезиолог-реаниматолог, эпидемиолог және амбулаториялық-емханалық қызметтің мамандары бар.

Бүгінгі күні өңірде коронавирустық инфекциямен және пневмониямен сырқаттанушылық жағдайының тұрақтану үрдісі байқалғанына қарамастан, шетелдік әріптестердің тәжірибесі де өз нәтижесін береді деп күтілуде.

Марат Жұманқұловтың айтуынша, Татарстаннан келген мамандар коронавирус пен пневмония аймағындағы емдеу хаттамаларымен танысып, жергілікті дәрігерлерге консультациялық және әдістемелік көмек көрсетпек.

– Келгендердің барлығы жоғары санаттағы білікті мамандар. Олар облыстық денсаулық сақтау жүйесінің, коронавирус және пневмониямен ауыратын науқастарды емдеумен айналысатын ұйымдардың жұмысымен танысатын болады. Бұл ауруханалардан бөлек емханалық нысандарға, орталық аудандық ауруханаларға да жоспарланған. Ресей Федерациясында ковидті емдеудің жақсы тәжірибесі қалыптасты. Менің ойымша, ресейлік мамандардың келуі бізге кейбір мәселелерді қайта қарап, осы бағыттағы жұмыстарды жақсарта түсуге мүмкіндік береді, – деді М. Жұманқұлов.

– Бұл екі жақты сапар. Біз біреуге бірдеңе үйрету үшін емес, коронавирустық инфекциясын емдеудегі тәжірибелерімізді салыстыру, ауыр науқастарды күту моделі, медициналық көмек көрсету құрылымының қалай ұйымдастырылғанын көру, өз тәжірибеміздің тиімді тұстарымен бөлісу мақсатында келдік, – деді Татарстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық клиникалық онкологиялық диспансерінің анестезиолог-реаниматологы Александр Ванюшин.

Ал, Олжас Қаржауовтың айтуынша, Татарстан Республикасы басшылығымен дәрігерлер арасында ғана емес, сонымен қатар екі елдің бизнес өкілдері арасында да екіжақты ынтымақтастық туралы келісім орнатылған.

– Әзірге пандемияға байланысты бұл келісім толығымен жүзеге аспай отыр. Болашақта карантин аяқталып, әлемдегі жағдай тұрақтанған кезде біз Татарстанға тәжірибе алмасу мақсатында жамбылдық кәсіпкерлерді, оның ішінде фармацевтикалық компаниялардың өкілдерін, дәріханалар желісінің иелерін және тағы басқаларды жіберуге ниеттеніп отырмыз, – деп түсіндірді О.Қаржауов.

Айта кету керек, бұл шара облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Татарстан Президенті Рустам Миннихановпен келісімі бойынша Ресей Федерациясындағы Қазақстан Елшілігінің және мемлекет қайраткері Иманғали Тасмағамбетовтің қолдауымен ұйымдастырылған.

Добавить комментарий