2021 жылЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ

Жамбыл облысы мектептерінің 2021-2022 оқу жылына бүгінге дейінгі дайындық деңгейлері сараланды

Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесі, өңір аумағындағы мектептердің 2021-2022 оқу жылына дайындығы туралы облыс әкімінің төрағалығымен 17 тамыз 2021 жылы өткізілген кеңестің №138 хаттамасында белгіленген тапсырмалар мен 24.08.2021 жылдан бүгінге дейінгі алынған өз ақпараттарын сараптай келе, бүгінгі Отырысы қарсаңында мына төмендегі жағдайларды анықтады: (№138-хаттама қосымша тіркелді)

Облыс аумағында жалпы саны 443 мектеп бар. Олардың 332-і типтік болса, 110-ы ыңғайластырылған мектептер. Аталған көлемдегі мектептерде, ақпаратқа сәйкес, жоғарғы және арнаулы орта білімді – 26 632 ұстаз қызмет атқарып 239 392 оқушыға білім береді.

Талқыланып отырған оқу жылының барысы кәзіргі санитарлық- эпидемиологиялық күрделі жағдайға байланысты оқытудың қалыптасқан күрделі дәстүрімен де, бола қалған жағдайда, алыстан оқыту тәсілімен де оқушыларға білім беруге біршама даяр. Мектептер санитарлық шектеулер талабына сай «бір кабинет – бір сынып», үзіліс графигі ұстанымдары мен санитарлық құрал-саймандар, түрлі залалсыздандыру заттары қорымен жеткілікті деңгейде қамтылған. Осыған дейінгі мерзім ішінде алынған ақпараттарға сәйкес оқушылардың басым бөлігіне компьютерлер мен гаджеттер таратылған, мектептер кең жолақты интернет платформасына толықтай қосылған деуге болады…

Деуге болады дейтініміз, кейбір мектептерде ұстаздардың онлайн сабақ өткізуіне арналған компьютерлік сыныптар 412 мектепте болса, 30 мектепте ондай жағдайлар әлі қарастырылу үстінде екен… (Білім басқармасы. 1-қыркүйекке дейінгі ақпараты). Алдымыздағы жаңа оқу жылында 1-сыныпқа, болжаммен, 22327 оқушы келеді деп күтілген. Аталған топқа алдын-ала 21603 (97%) бала қабылданған.

Оқушылардың қауіпсіздік шаралары аясындағы жұмыстар барысында, облыстағы мектептер мен балабақшаларда 100% аналогтық және сандық бейнебақылау камералары орнатылғанымен, білім мен тәрбие сала басшылары тарапынан министрліктің 23.01.2019 жылы белгілеген стандарттардың сақталуына жіті назар аудармаулары байқалады. Мектептер – 795 вахтер, 1366 мектеп қарауылдары қызметін пайдаланады, оларды мамандандырылған күзет қызметімен толықтыру жұмыстары қолға алына бастаған. Барлық мектептерде қауіпсіздік регламенттері бекітіліп, оларға келіп-кетушілерден бастап ата-аналарға дейін тіркеу процесстерінен бақылау қызметі арқылы өту тәртібі қарастырылған.

Мектептер 100% дизенфекциялау құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Ұстаздардың 05.08.2021-жылға дейінгі КОВИД-ке қарсы екпе алу саны алдын ала 94,3% құраса, бұл көрсеткіш өткен 1 қыркүйекке дейін 100% жеткізілмекші.

Сонымен бірге, облыс мектептерінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғанбалаларға қарастырылған арнайы көмектер мен әлеуметтік жеңілдіктер жағы әлі де жетілдіруді талап етеді. Мысалы, мұндай жағдай 282 мектепте қарастырылған да, 160 мектепте әлі өз шешімін таппаған! Балаларға арналған, уақыт талабына сай ішкі-жылы санитарлық нысан (дәретханалар) 156 мектепте бар да, 284 (!) мектепте әлі күнге дейін жоқ! Жекелеген мектептердегі су айдау скважиналары жоқ, ал барлары істен шыққан.

Мектептердің 47,7% ересектерге арналған санитарлық нысанмен қамтамасыз етілген де, 52,3% әлі бұл санитарлық-гигиеналық, моральдық-этикалық жағынан маңызды мәселеге әлі назар аудармаған! Оқушыларды оқу процесіне қажетті оқулықтар мен педагогтарға қажетті методикалық-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету жағы жолға қойылған. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен 3,1 млрд көлеміндегі қаржы бөлінсе, облыстық Білім басқармасы аталған қаражатқа алынған оқулықтар саны «оқушылар сұранымын 100% қамтамасыз етуге жеткілікті» екендігін айтып отыр. Мектеп кітапханалары көркем әдебиет нұсқаларымен толықтырылған.

Басқарма, бүгінге дейінгі жетіспей тұрған жалпы саны 326-ға жуық маман-оқытушылардың бос орындарын толықтыру үшін де арнайы жұмыстар жүргізіліп жатқандығын мәлімдеген болатын… Қоғамдық кеңеске алдын-ала аудандардан түсіп жатқан ақпараттарға сәйкес, облыстағы барлық аудан мектептерінің алдымыздағы оқу жылына дайындық деңгейлері, жекелеген жетіспеушіліктерді айтпағанда, біршама қанағаттанарлық деңгейде екендігі байқалды. Жетіспеушілік дегенде – тұрақты су желісінің жоқтығынан ағын суды пайдалану, су жүйесі бар болғанымен олардың арнаулы графикпен ғана жұмыс істеуі, санитарлық нысандардың әлі де сыртта болуы, ескі мектеп ғимараттары қабырғаларының жарылып-сызаттанып тұруы, туындаған жағдайларга байланысты жекелеген топтарды басқа мектептерге көлікпен тасып оқыту кезіндегі қауіпсіздік шараларының жағдайын ескеру сияқты фактілерді алға тартуға болады.

Облыс мектептерінде соңғы уақыт талабына сай, биылғы оқу жылы жалпы дәстүрлі әдіспен өтеді деп белгіленгенімен де, мектептер ол әдіске аяқ астынан күтпеген жерден өзгерістер еніп қалу тәуекелі де бар екендігінескеріп, оқу процесін онлайн әдісімен жалғастыруға да дайын екендігін білдіріп отыр. Яғный, ұстаздардың IT сауаттылығы мен оқушыларды компьютер, планшеттермен қамту саласы да біршама қанағаттанарлық. Аудандарда «Дарын онлайн» платформасы арқылы жұмыс істейтін онлайн оқу семинарлары ұйымдастырылып (м-лы.Т.Рысқұлов ауд. ақпараты), оларға ұстаздар жаппай қатысуда.

Сонымен бірге, аудандардағы «Мектепке дейінгі тәрбие», «Қосымша білім беру» салалары бойынша да 2021-2022 жылғы жұмыстар регламенті жасалған, ол жұмыстар дәстүрлі әдіспен жүргізіледі деп күтілуде. (Талас ауданы ақпараты)

Оқу жылына дайындықты зерделеу барысында кейбір мектептердің (Сарысу ауданынан басқа) ғимараттарын жөндеу, күрделі жөндеу немесе жаңадан тұрғызу мәселелерінде кейбір кемшіліктердің бар екендігі де анықталды. Мұндай алаң туғызатын жағдайлар (жөндеу графигінен артта қалу, тапсырыстық тендерлердің кеш өткізілуі, техникалық өңдеулерге қаржының жетіспеушілігі, жұмыс күшінің тапшылығы…) Жуалы, Меркі, Қордай, Байзақ аудандары мен Тараз қаласында байқалады. Мысалы: Талас ауданындағы мектептерге өрт қауіпсіздігін сақтамау фактілері бойынша «Төтенше жағдайлар» қызметі айыппұл (мектепке!) салуда екен. Бұл мәселені шешу үшін 24 200,0 мың теңге қажет дейді аудандық білім бөлімі.

Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, мектептерді қаржымен қамтамасыз ету міндетіне бас-көз болып отырған облыстық Білім басқармасы қаржы бөлу, оны тиімді пайдалану саласы бойынша өз жұмыстарын әлі де жетілдіре түсулері керек!

Сонымен бірге, интернатта жатып оқитын немесе уақытша тасымалданып оқытылатын оқушылардың жол қауіпсіздігі, әлеуметтік қауіпсіздігі, тұрақты жылу, су жүйелері мен тұрақты жарықтандыру желілері, оқушыларды тамақтандыру графигі мен оның белгіленген стандарттар деңгейі де әрқашан басты назарда ұсталуы парыз! Кейбір мектептерде спорт залдары жоқ, асханалар қызметі де тұрақты жолға қойылмаған. Қалыптасып отырған жағдайға байланысты, мектептердің көбі дербес қазандықтар арқылы жылытылынатындығын ескеріп, қазандықтарды жеткілікті отын қорымен қамту, кейбір қазандықтарды қатты отыннан газға ауыстыру мәселесі де жіті бақылауда болуы керек. Қазандықтарды жергілікті атқарушы органдар құзыретіне өткізу жұмыстары жалғасуда.

Сонымен бірге, мектеп басшылары мен ұстаздары – қолданыстағы білім стандарттары мен лицензиялау талаптарының, елімізде қалыптасқан тәртіптік-заңдылық жүйе мен ұстаз мәртебесі талаптарының мүлтіксіз орындалуын басты назарда ұстаулары қажет. Қоғамдық кеңес мүшелеріне ескерту: ақпараттардағы кейбір мәліметтер тамыз айының 24-не дейін алынған!

Облыстық Қоғамдық кеңес президиумы

22.09.2021ж.

Добавить комментарий