2020 жылЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫЖАҢАЛЫҚТАРҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ЕСЕБІҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕРҚОҒАМДЫҚ САРАПТАМА

Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің 2020 жылғы ЖҰМЫС ЖОСПАРЫНЫҢ орындалу қортындылары туралы есебі

Облыстық Қоғамдық кеңес (ары қарай – Кеңес) өзінің 2020 жылдың бірінші жарты жылдығына жоспарлаған жұмыстарының негізгі бағыттарын олардың жоспарланған кезеңіне сай атқарып отыруға басты назар аударды.
Кеңес президиумы ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» қолданыстағы Заңының 7-бабы, 2-тармақ, 3-тармақшасы талаптарына сәйкес – жұртшылық алдындағы өткен 2019 жылғы жұмыстарының есебін жүйелеп, интернет ресурстары (q-kenes.kz) және жергілікті ақпарат құралдары арқылы қоғамдық ортаның назарына ұсынды.
Кеңестің өз жоспарында белгіленген жұмыстарының барысы туралы жазбаша есебі Қоғамдық кеңестің президиум Отырысында да талқыланып, толықтырылған болатын.
Сонымен бірге, жылдық есеп Жамбыл облысы әкімі мен облыстық мәслихаттың хатшысы, мәслихат депутаттары, облыстағы барлық деңгейдегі Кеңестер төрағалары мен облыстық басқармалар басшылары, ақпарат   құралдары өкілдері қатысқан жиында да өз бағасын алды. Кеңес комиссиясы
төрағалары мен мүшелері тарапынан атқарылуға тиісті жұмыстар мен алдағы міндеттер жүйесі кеңінен талқыланды. 2020 жылдың Жоспарына сәйкес атқарылуға тиісті жұмыстардың негізгі тармақтары болып мына төмендегі іс-  әрекеттер:
– көпбалалы аналар мен басқа да тұрмыстық әлеуеті төмен отбасыларына мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмек;
– пандемия мезгілі ұзарып кеткен жағдайда азаматтардың әлеуметтік тұрмыс-жағдай көрсеткіштерінің шамадан тыс төмендеп кетпеуіне қоғамдық бақылау жасау;
– өсу қарқыны мен кеңею көлемі пандемия тәртібі мен талаптарына тікелей тәуелді тұрмыстық-әлеуметтік процесс – жұмыссыздықты барынша азайту мақсатын көздеген қоғамдық бақылау мониторингі процедурасын үздіксіз жүргізіп отыру;
– өңіріміздегі ұлтаралық келісім мен жарасымды нығайту процесстерін үздіксіз назарда ұстау;
– азаматтық қоғам дамуының басты кепілі – ішкі тәртіпті күшейту;
– бағаның шектен тыс өсуіне; күнделікті тұтыну тауарлары импортының шектен тыс өсуіне тосқауыл қою жолдары; жергілікті тауар өндірушілердің сауда сөрелерінде үстемдік құруына бақылау- мониторинг жүргізу;
– жастар мен жасөспірімдер арасындағы тәрбие жұмысын жандандыру; заң аясындағы азаматтық, экономикалық-өндірістік, экологиялық, әлеуметтік қарым-қатынас талаптарының орындалуына
қоғамдық бақылау жасау;
– аймақтарды дамыту Мемлекеттік Бағдарламаларының Жамбыл
облысы аумағындағы ахуалына қоғамдық бақылау-мониторинг жасау;
ауылшаруашылығы өндірісінің жағдайы мен сұраныстары;
– COVID-19 коронавирусының таралуына тосқауыл қою шараларының барысын қатаң қоғамдық бақылауға алу;
– пандемиялық індет келтіріп отырған тұрмыстық-әлеуметтік, экономикалық-шаруашылық кедергілердің бар екендігі туралы әлеуметтік ортада түсініктеме жұмыстарын жүргізу;
– мемлекеттік органдар тарапынан қабылданатын карантиндік шаралар тәртібінің қатаң сақталуына қоғамдық бақылау жасау және карантиндік тәртіптің біржолата алынуы немесе оның бәсеңдетілуіне
себі тиетін тұрмыстық-әлеуметтік арақатынастар тетіктерін жетілдіруге бағытталған атқарушы билік талаптары алгоритімінің барынша сақталуына ат салысу деп белгіленді.
Есепті мерзім аралығында облыс аумағында орын алған оқыс оқиғаға (Қордай оқиғасы) байланысты Кеңес төрағасы бастаған арнайы топ Шу ауданына қарасты 12 елді мекенді аралап жергілікті көпшілік қауымның пікірін тыңдады және Қордай ауданының бірнеше ауылдарында болып, әлеуметтік алқалы топ ортасында кездесу-пікір алмасулар өткізді, жергілікті баспасөз беттерінде арнайы мақалаларымыз жарияланып, кәзіргі уақыттағы ұлттық бірлік пен ұлтаралық татулықтың маңыздылығы туралы мәселе
кездесулердің барысында кеңінен қозғалған тақырыпқа айналды. Пікір алмасу-кездесулердің негізгі арқауы: «қоғамдық келісім, ұлттар арасындағы татулық – елдігіміздің абыройлы, қуатты мемлекет ретінде қалыптасуының негізі» деген үндеудің ұстанымын ұлықтап қалыптастыру, татулық пен тыныштықтың, барлық көрсеткіштер бойыша тұрмыстық, өндірістік-экономикалық дамудың кепілі – еңселі елдіктің биік мұраттарын қолдау болды.
Сонымен бірге бүгінгі әлеуметтік ортаны толғандырып отырған мәселелер төңірегіндегі түрлі деңгейдегі талқылауларға қатысып, оларға арналған арнайы хаттамалар толтырды, хаттамалар тиісті атқарушы билік тармақтары өкілдерінің назарларына ұсынылды…
Кездесулер барысында айтылған бұдан өзге де құнды-құнды пікір- бастамалар назарға алынды. Мысалы, Ақсу ауылының тұрғыны, зейнеткер Оңлахан Сырлыбаев: «Ауыл жағдайы жақсы, жолымыз асфальт, жарығымыз жанып тұр, ауыз-су мен қамтылған. Кәзіргі дамыған заманда интернеттен
қажетсіз артық ақпараттарды көріп, дүңген халқының жастары тәртіп сақшыларына бойсұнғысы келмейтін мінез танытып, әлеуметтік ортаны, әсіресе жастарды ашындырды… Сондықтан да, бүгінгідей жиналыстарды бейбіт жатқан қазақ ауылдарында емес, сол дүңген ауылдарында жиі өткізіп,
дүңген халқы ақсақалдарын жастарды патриотизм рухында тәрбиелеуге шақырып отыру керек. Басты назар аударатын бір мәселе – коммуникативтік қатынастардың басты құралы – мемлекеттік тілді меңгеруге, дүңген ұлтының жастары өз ана тілдерімен қатар, мемлекеттік тіл – қазақ тілін меңгеруге
бейімделулері керек деген мағнала да мәнді ұсыныс айтты. Ал, Белбасар ауылының тұрғындары болса – ел арасындағы бірден бір мәдени-рухани орталық – ауыл клубын жөндеп оны күтіп ұстау, таза ауыз-су желісін тартуды үнемі жетілдіріп отыру мәселелерін қозғады.

******

Жекелеген сұрақтар 2019 жылдан бастап «Жамбыл облысы тұрғындарын тұрмыстық табысын арттыру» және ауылшаруашылығы еңбеккерлерін нәтижелі жұмыспен қамтуды көздеген, қайтарылатын қарыз
көлемінің жылдық өсімі 2,5 пайызды ғана құрайтын «пилоттық жобаның» осыған дейін атқарылған жұмыстар көрсеткіштеріне қоғамдық бақылау жасау мен оның алдағы жылдарға бағытталған іс-шаралар жүйесін талқылау барысына арналды.
Әлеуметтік, инфрақұрылымдық салаларды жетілдіру мақсатымен жарияланған арнайы мемлекеттік бағдарламалар аясында қабылданған пилоттық жоба, өзінің тиімділігі мен өміршеңдігін сөзсіз дәлелдеп отыр – ауылшаруашылығы құрамындағы техникалық парк біршама жаңарды, қосымша мал басы артты, ауыл маңындағы жер телімдері өндірістік бағытта іске қосылып нақты пайдаға жарай бастады, атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен жұмыссыздардың саны да біртіндеп кемуде. Жобаның аясында қол жеткізілген басты жетістіктер – тұрғындардың әл-ауқатының өсуі, табыс көздерінің артуы, ауыл еңбеккерлерінің ауыл шаруашылығы салаларына, оның ішінде әсіресе жер және оның өнімдеріне деген өндірістік ықылас-көзқарастарының артуында, тұрақты жаңа жұмыс бірліктерінің көбеюінде деп есептейміз. Мысалы, үй маңындағы жерлерді пайдаға жарату мен аулалық меншіктегі жер телімдерін өңдеу біріншіден – олардың қосымша пайда көзіне айналуына, екіншіден – ауыл инфрақұрылымының жаңа сыйпат алуына, үшіншіден – ауыл-қыстақтардың заманауй түр-сипатқа ие болуына себепші болып отыр. Кеңес мүшелері мен салаға жауапты облыстық мекемелердің алдында осы жобаға кірген 11 шаруашылықтың басшылары өздерінің ой-пікірлерімен, өздері жүзеге асырылуға тиісті дейтін бастама –
ұсыныстарымен бөлісті. Анықталғаны – қайтарымнан жинақталған қаржы қорын басқа да талапкерлер арасында бөлу арқылы оның ауқымын кеңейту, жоба қатысушыларының жер аукциондарына қызу қатысуына аудандық, ауылдық округ әкімдері қызығушылық білдіруі қажет екендігі кеңінен
талқыланды. Алынған ауылшаруашылық техникаларының өндірістік тиімділігі мен сатылып алынған мал санының бағуға қолайлы де ыңғайлы болу жағы да қарастырылды. Қолдағы мал жайылымының шалғайлығы және бұл проблеманы біртіндеп қалай шешуге болатындығы туралы ұсыныстар
айтылды.

Жалпы, пилоттық жоба бойынша 8 млрд 471млн. теңге несие қаражаты игерілді. Сонымен қатар, республикалық бюджеттен 7 млн 200 мың теңгеге 2,5 процентпен 2500ге жуық ауылдықтардың өтінімі
қаржыландырылған.
Нәтижесінде:
1. Жұмыссыздар саны 1129 дан 589 ға дейін, немесе 48% қысқарған.
2. Жаңадан 589 жұмыс орындары ашылған.
3. Атаулы әлеуметтік көмек алатын адамдардың саны 1539-дан 1049-ға азайып, 490 адамға (32%) кеміген.
4. әтижесіз өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны 640 адамға азайып (35% ), 1206 құрады.
5. Жұмыссыздар мен өзін-өзі қамтығандар қатарынан 2238 адам жеке кәсіпкер боп тіркелген.
Жобаға қатысқан ауыл тұрғындарының әл ауқаты, тұрмысы жақсарды.
Десек те, зерделеу көрсеткендей, пилоттық жобаны іске асыру барысында, кейбір ауылдарда жобаға қатысушы аулалардың толық қамтылмағаны, құрылған өндіріс кооперативтерінің ережеге сай жұмыс
атқармаулары, ауыл әкімдерінің тұрғындарға жобаның тиімділігін, пайдасын жеткілікті түсіндірмегендіктері байқалады. Мәселені егжей-тегжей талқылап, пилоттық жобаның іске асырылуын
зерделеген кеңейтілген Отырыс мәжілісі барысында мақұлданған ұсынымдар мәтіні:
Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылық басқармасына, аудан әкімдеріне:
– «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасының іске асуын тұрақты қамтамасыз етуді бақылауда ұстауды;
– Пилоттық жобаны ұйымдастыру, үйлестіру және іске асыру үшін қосымша қабылданған қызметкерлердің жұмысының тиімділігін арттыру; жұмыс барысына заңды есеп-қисап жұмыстарын қолға алуды;
– толықтырылатын техникалық парктердегі шағын техникалар үлесін арттыруды қадағалау; арықтар мен каналдарды тазарту жұмыстарын жоба аясында ескеріп отыруды бақылауға алу; пилоттық жоба аясында тек мал санын көбірек сатып алу дәстүрін қайта қарау тапсырылсын; қайтарымы тез
ауылшаруашылығы өнімдерін (дәнді дақылдар, жеміс-жидектер, көкөністер, бақша өнімдері) молырақ өндіру дәстүрін дамыту; облысымызда жұмыс істеп тұрған 18 сүт өңдеу зауыттары жұмысының облыстың барлық аумағын қамту алгоритімін қарастырсын;
«Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на:
– Пилоттық жобаны іске асыру үшін құрылған кооперативтердің жұмысын қабылданған Ережесіне сай жүргізуді ұйымдастыру,
– олардың қаржылық-шаруашылық жұмыстарын, несиелерін қайтару келісілген кестеге сәйкес орындалуын қадағалауды. Қайтарымды қаржыны кезекті сұраным негізінде және Заң талаптарын қатаң орындау жолын сақтай отырып, талапкерлерге таратып беру мүмкіндіктерін қарастыру,
– есептеу-бақылау жұмыстарын жолға қою; қаржының мақсатты жұмсалуына үздіксіз мониторинг жасау;
Жер қатынастарын реттеу басқармасына:
– пайдаланалусыз жатқан жерлерді қайтадан айналымға енгізу жолдарын қарастырып, жер конкурстарын өткізу барысында жайылым аумақтарын кеңіту жобасын жасасын;
– шағын кәсіпкерлікті тексеруге қойылған мораторий талаптары арасынан ауылшаруашылығы санатындағы жер телімдерін шығару жөнінде облыс әкіміне ұсыныс жобасын енгізсін;
– жер қатынастарына байланысты аукцион талаптары шеңберінде оған ауылшаруашылы еңбеккерлерінің, оның ішінде пилоттық жобаға қатысушы округтердің қатынастырылуына қызметтік ықпал жасап, тұрғындар арасында кең түсінік-насихат жұмыстарын жүргізуді қолға алсын;
Аудандар мен пилоттық жобаға қатысушы ауыл округтерінің әкімдеріне:
– бекітілген арнайы жұмыс алгоритміне сай жүргізу мен ауыл тұрғындарының пай үлестерін кооперативке біріктіру арқылы, олардың тиесілі жерлерін игеру жұмыстарын ұйымдастыру;
– кооперативтердің сұранысына сай тиісті жер қорынан ауыл шаруашылығы жерлерін, жайылым аумақтарын кеңіту мәселелерін жедел қолға алып шешуді; жобаға қатысушы округтердегі жер аукциондарына қатысу жұмыстарын жандандырсын;
– кооперативтер үй іргесіндегі және ауыл сыртындағы жерлерге техникамен көрсетілген қызметтері үшін жеке тұлғалармен, шаруа қожалықтарымен келісім-шарттарының жасалуын, бухгалтерлік есептерін
жүргізілуін қолға алып, аудандық статистика бөліміне қажетті есептер тапсырылуын қадағалауды;
– барлық ауыл шаруашылық кооперативтерінің техника тұрағы, қойма және басқа да қажеттілікке сәйкес құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін пилоттық ауылдық округ аумағынан арнайы жер беруді ұйымдастырсын;
шағын техникалар паркін көбейтуді назарда ұстасын; суармалы жерлерді игеру жұмыстарын үздіксіз жалғастырсын;
– Пилоттық округтердегі жылыжайлардың (Байзақ-1, Жамбыл-2, Жуалы-1) және 4 кәсіпорынды (Байзақ-1, наубайхана, жоңышқа тұқымын сұрыптау, Меркі-1 шырын өндіру цехы, Сарысу-1 наубайхана) қараша айында іске қосылуын қамтамасыз етсін; сүт өнімдерін өңдеудің алгоритімін сақтау жағы қарастырылсын.

*****

«Бірлік» ауылының ақсақалдары да – Қордай ауданында орын алған келеңсіз жағдайды тілге тиек ете келе, өздерінің жекелеген жүйелі пікірлерімен бөлісті.

Аталған ауылдың көп ұлтты екендігін, ауылда тату-тәтті де бейбіт өмір жағдайында16 ұлттың өкілі қатар өмір сүріп жатқандықтарын мақтан ете айтты. Осы тәрізді ұсыным-бастамалар ауданның барлық елді мекендеріндегі басқосуларда өткен әлеуметтік кездесулерде айтылып жатты.
Есепті жылы орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан түскен қолданыстағы заңдар мен заңнамалық актілерге енгізілетін кезекті толықтырулар мен өзгерістерді қараған Кеңес президиумы, келешекте заң органдарында тіркеліп айналымға енгізілетін нормативтік-құқықтық актілер жөніндегі өз ескертпелері мен ұсыныстарын тиісті атқарушы билік тармақтарының жауаптыларына жазбаша түрде тапсырып отырды.
Есепті кезеңде 29 отырыс өткізілді, оның ішінде 11 кеңейтілген отырыс және 18 президиум отырыстары өткізілді.
Қоғамдық сараптамадан өтіп, тұрмыстық-әлеуметтік, өндірістік ортадағы айналымға енгізілген нормативтік-құқықтық актілердің (НҚА-дің) барлық саны 79 бірлікті құрайды. Оларда азаматтық қоғам құрылысына аса қажетті құқықтық-нормативтік талаптардың барлық саласының қамтылуына
және еліміздің мемлекеттік ұстаным-үрдістерімен үндесіп жатуына басты назар аударылып отырды.
Әділет органдарында тіркелуге жолдама берілген құжаттарда, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына және олардың жалпыға ортақ міндеттеріне қайшы келетін фактілер кездескен жоқ.

******

2020 жылдың басында Заң талаптарына сәйкес облыс әкімі мен облыстық мәслихат хатшысының өткен 2019 жылы атқарылған тұрмыстық-өндірістік, шаруашылық-индустриялық салалар бойынша өңірді дамытуға арналған іс- шаралар жөніндегі, мемлекеттік Бағдарламалар талабының Жамбыл
облысы аумағындағы орындалу деңгейі туралы Қоғамдық кеңес мүшелері алдындағы облыс әкімі Б.М.Сапарбаев пен облыс маслихатының хатшысы Б.Ж.Қарашолақовтың есептері Кеңес мүшелерінің назарына ұсынылды.
Қоғамдық кеңес төрағасының төрағалығымен өткен есепті кездесуге, облыс аудандары мен Тараз қалалық Кеңестерінің төрағалары мен хатшылары, облыстық басқармалардың басшылары мен депутаттық корпус өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бастамашыл топтардың жетекшілері,
баспасөз-ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Есепті жиында азаматтық қоғам мен халықтық-әлеуметтік орта арасындағы ақылдасу алаңы болып қалыптасқан Қоғамдық кеңес институтының өткен жылы атқарған жұмыстары мен болашақта іске асырылуға тиісті әрекеттері жөнінде де кеңінен әңгіме болып, ұсыныс- пікірлер айтылды.
Есепті кездесудің барысында аудандық, қалалық Кеңес төрағалары мен кездесуге ресми шақырылған азаматтар тарапынан түскен ұсыныс-пікірлер мен бастамалардың ресми хаттамасы жасалып, ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңының Жалпы Ережелер тармағы 8 тармақшасына негізделіп
бекітілді.
2020 жылдың бірінші жартысында Кеңес төрағасы мен оның басқа да мүшелері 2020 жылғы ақпан айы межесінде Жамбыл облысы Қордай ауданында орын алған оқыс жағдайлардың қайталанбауы мақсатын көздеп, аталған аудан жұртшылығымен кедесіп, пікір алмасу үшін Қордай ауданына бірнеше рет іс-сапарларға шықты. Жағдайдың алдағы барысы Кеңес президиумының тұрақты бақылауына алынған!
Осы кезеңде өз өндірістерін – жеңіл өнеркәсіп саласын (аяқ киім тігу, бағалары арзан күнделікті қажет тұрмыстық-шаруашылық бұйымдарын өндіру, т.с.с.) дамытуға арнағысы келетін немесе бұрын жұмыс істеп тұрған шағын өндіріс салаларын жандандыруды мақсат еткен бастамашыл топ өкілдерімен кездесу-пікір алмасу өткізілді. Олардың негізгі талаптары мен ұсыныстары – өндіріске лайықты ғимараттарды пайдалы іске асыру мақсатында бөлу, коммуналдық төлемдерді өтеуге, станоктар мен аспап- механизмдерді алуға қажетті арзандатылған кредиттерді қарастырудан
тұрды…
Бұл мақсаттарымыз іске асқан жағдайда:
1) жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздықты қысқартуға ықпал етіп;
2) импорттық тауарлар тасқынына белгілі мөлшерде шектеу қоя алар едік – дейді бастамашыл топ. Азаматтардың бұл талап-тілектері атқарушы билік тармақтарына жеткізілді…
Жоспарда көзделген кеңестер мен қоғамдастықтардың Үйлестіру Орталығында өтуге тиісті семинар мен облыс шаруашылықтарын қолдау арқылы өңірлерді дамыту мақсатын көздеп қабылданған пилоттық жоба тізіміндегі 11 ауылдық округ басшыларының есептерін талқылау Отырысы да өте мазмұнды басқосу болды…
Есепті жылғы наурыз айының 06-жұлдызында қабылданған Жұмыс жоспарының орындалу барысы туралы Кеңес президиумының арнайы Отырысы өтіп, алдағы атқарылар міндеттерге қызметтік анализ жасалынды.
Онда кеңес мүшелері алда болуы ықтимал тәуекелдердің өлкемізге әкелер өзгерістеріне қашанда дайын болуымыз керек дейтін тоқтамға келіп, негізгі мақсат-мұратымыз – адам өмірі мен денсаулығы және оның қауіпсіздігі дейтін ортақ шешім қабылдады.
Есепті кезеңде Кеңес мүшелері көптеген органдардың жанынан құрылған комиссиялар мен арнайы топтардың талқылау-ақылдасу отырыстарына қатысып өздерінің азаматтық ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
Қоғамдық мәні бар мәселелер төңірегіндегі өз ұсыныстарын жеткізіп, қоғамдық топтар арасындағы талап-тілектер бағытын ортаға салып отырды.
Сонымен бірге, Қоғамдық кеңес президиумы, ауылшаруашылығын қолдау мақсатында мемлекет тарапынан бөлінген бағасы арзандатылған дизель отынының нақты және жеткілікті көлемде таратылу көрсеткіштерін ауылшаруашылығы жұмыстарының, оның ішінде көктемгі егіс жұмыстарын олардың басталу мерзімінен бастап қоғамдық бақылауға алған. Бұл жұмыстар да өз жалғасын табуда. Мәселеге қатысты қосымша ақпараттар өз кезегінде жаңартылып, толықтырылып отырды.
Наурыз айының соңғы күндерінде жарияланған ҚР Президентінің Мәлімдемесінде, елімізде жарияланған Төтенше жағдайдың тұрмыстық- әлеуметтік және өндіріс- шаруашылық жұмыстарына келтіріп отырған қиыншылықтарынан өтудің нақты механизмдері қарастырылған. Мемлекет тарапынан көрсетілетін айқын көмектердің:
– жұмыстан уақытша қол үзіп қалғандарға кеңейтілген тізім бойынша берілетін 42,500 теңге;
– міндетті төлемдерді 10% индекцациялау;
– ауыл шаруашылығы нысандарына көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін арзандатылған (165 т.) бағамен дизель отындарын бөлу;
– денсаулық саласында – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – МӘМС (ОСМС) тәртібінің аясында, олардың нақты тізімдік-көрсеткіштік мәліметтеріне қарамай барлық азаматтарға кедергісіз қызмет көрсету;
– білім беру мекемелеріндегі алыстан оқыту тәртібінің сапасы және басқа да мәселелер бойынша Президент Мәлімдемесінде Қоғамдық кеңестерге берілген тапсырмалар шегінде жұмыстар жүргізіледі және мәселелер Кеңестің тұрақты мониторигтік-қоғамдық бақылауында болады.
Осы мерзім ішіндегі назар аударатын жұмыстардың бірі – өңірлік қоғамдық ортаны толғандырып отырған маңызды мәселелер ішіндегі:
– дамуымыздың басты кепілдіктерінің бірі – өңіріміздегі қоғамдық тәртіптің қалыпты деңгейде сақталуы;
– заңның қаталдануына қарамай ел арасында әлі де кездесіп отырған ауыр қылмыстардың бірі – мал ұрлығының алдын алу шараларын қарастырып, қылмыстың бұл түрімен тұрақты аяусыз күрес жүргізуді пәрменді түрде жалғастыра беру;
– жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқықтық тәртіп бұзушылықтың алдын алу шараларын қарастыру;
– қызмет көрсету саласының дәстүрлі алгоритіміне енген өзгерістердің нақты сақталуына қоғамдық бақылау жасау;
Аталған проблемаларды жоюға бағытталған барлық азаматтарға ортақ күрестің алдыңғы шебінде жүрген полиция қызметкерлерінің, оның ішінде – полиция қызметінің учаскелік инспекторлар құрамы атқаруға тиісті жұмыстарға қоғамдық анализ – бақылау жасау болды.
2020 жылдың 12 масымында Жуалы аудандық әкімдігінің қатысуымен Жуалы ауданында өткізілген Жамбыл облыстық Кеңесі президиумының кеңейтілген көшпелі Отырысында осы мәселелер кеңінен
талқыланды.
Отырысқа: Сол тұстағы карантиндік режим талаптарын сақтай отырып, облыс аудандарындағы Қоғамдық кеңестер төрағалары, іс-шара өтіп жатқан аудан көлеміндегі учаскелік инспекторлар құрамы, Жуалы ауданымен іргелес жатқан жақын аудандар әкімдіктерінің жауапты қызметкерлері мен мамандары, облыстық ПД-ның басшылық құрамының жауаптылары мен кейбір аудандардың аудандық полиция бөлімдері басшылары қатысып, өлкеде қалыптасқан мерзімдік жағдай туралы кеңінен пікір алмасты.
Отырысқа дайындық жұмыстарының күн тәртібі мен ұсыным-талаптары алдын-ала облыстық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер арқылы жарияланып, облыс тұрғындарының назарларына мамыр айында ұсынылған болатын. Сондықтан да болар, талқылау Отырысына жұртшылықтың қызығушылығы өте жоғары болды. Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің президиум мүшелері қызу ат салысқан Отырыстың 6 тармақтан, 3 қосымша тармақшадан тұратын арнайы Қаулы мәтіні кеңінен талқыланып, бекітілді.
Қаулы мәтінінде қаралған қоғамдық – әлеуметтік, экономикалық – шаруашылық ұсынымдардың бүгінгі күнге тән маңыздылығын ескеріп, оның толық мәтінін келтіреміз:
«1) Полиция қызметінің учаскелік инспекторларына – елді мекендердегі мал иелеріне, фермерлер мен шаруа қожалықтары жетекшілеріне – аталған мәселелерге тікелей байланысты 2019 жылы 27 желтоқсанда «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен
толықтырулар енгізу туралы» құжатында қаралған талаптар, оның ішінде Заңның 188-2-3-4 тармақтарын кеңінен насихаттау жұмыстарын барлық ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен үздіксіз
жүргізіп отыруды қамтамасыз ету ұсынылсын;
Насихат жұмыстары кезінде – ҚР Азаматтық Кодексі негізінде мал иелерінің жеке жауапкершілігін айқындаған ұстанымдардың да ескеріліп отырылуы назарға алынсын;
Ауылдық округ әкімдеріне – жергілікті бюджет есебінен, немесе азаматтық келісім-шарттарды қоғамдық реттеу арқылы бақташыларды материалдық жағынан көтермелеп, бақташы, меншік иесі, округ әкімдігінің қатысуымен жасалатын үш жақты азаматтық жауапкершілік шартнамасын түзу қағидаты ұсынылсын;
2) Мал ұрлығы қылмысы мен басқа да құқық бұзу әрекеттерінің алдын алу мақсатында, аудандық және барлық округтердегі әкімдіктердің жанынан – құрамына жергілікті полиция өкілдері, учаскелік инспекторлар, «Нұр Отан» партиясының, оның Жастар қанатының , Қоғамдық кеңестердің, Ардагерлер ұйымының, түрлі деңгейдегі маслихат депутаттарының, жергілікті бастамашыл топтардың өкілдері кіретін үйлестіру кеңестерін құру ұсынылсын;
3) Облыстық Полиция департаментіне – аудандардағы өз бөлімдерінде аталған қылмыстардың, әсіресе мал ұрлығы қылмысының орын алған аумағына уақыт оздырмай жететін жедел топтар қызметін қалыптастыру, барлық ауыл-аймақ көлеміне тиесілі мал жайылымы телімдері мен олардың электрондық карталарын түзіп, оларға кіріп- шығатын жолдар картасын жасауды қолға алып, мүмкіндігіне қарай дрондық бақылау тәсілін іске асыруға күш салу ұсынылсын; бейне камералар қызметін жетілдіру жолдары барлық жағынан қарастырылсын;
Азаматтық қоғамның белсенді өкілдері мен мал иелерін азаматтық міндеттер қағидасына сүйеніп жұмылдыру арқылы өріске шығатын мал санының нақты тізбесі түзіліп, олардың тәртіпке сай сырғалануы қадағаланып, қажетті жағдайда қоғам белсенділері мен учаскелік инспекорлар, олардың ерікті көмекшілері (мал иелері) тарапынан құрылған арнайы топтар қызметіне қатысып, жайылым аумақтарына патрульдік қадағалау жүргізуді іске асырудың тәсілін реттеу жолдары ұсынылсын;
4) Аудандық, ауылдық округ әкімдіктерінің арнайы қызметкерлері (ветеринарлық, құқықтық бақылау т.б.) аудан көлеміндегі мал базарлары жауаптыларымен тығыз байланыс орнатып, ветеринарлық
құжаттары, есепті бірегейлендіру белгілері (сырғалау) жоқ малдарды базарға кіргізуге тиым салу жөніндегі бұрын рәсімделген мемарандумдардың қатаң сақталуына бақылау жүргізу ұсынылсын; облыстық ветеринария басқармасы мен оның аудандық ветеринария қызметі бөлімдері – мал иелеріне, фермерлік-шаруашылық құрылымдарға, ауыл әкімдеріне мемлекетіміздің ветеринария жөніндегі Заңына сәйкес талаптарды күшейту ұсынылсын;
5) Ауылдық округ әкімдері мен жергілікті полиция қызметі өкілдеріне:
а) учаскелік инспекторлар құрамы мал ұрлығы қылмысы мен әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 406 – бабына сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларын дала жайылымдарына қараусыз-бақылаусыз жіберген тұлғаларға өз әрекеттері нәтижесінде туындайтын азаматтық жауапкершілік бабы қолданылуы мүмкін екендігі үнемі ескертіліп отырылуын жүйелі түрде насихаттап іске асыру;
б) аумақ көлеміндегі ақпараттық порталдарда аталған бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелерін үздіксіз жариялап отыру;
в) аталған қылмыстардың алдын алу процесстерін жандандыру үшін азаматтық орта өкілдерінен құралған арнайы топ құрамдарының үнемі жаңа белсенділер, жергілікті беделді тұлғалар, еріктілер есебінен толықтырылып отырылуын назарларында ұстау ұсынылсын.
6) Облыстық Полиция департаменті басшылығына, аудандық полиция бөлімдерінің басшыларына – учаскелік инспекторлардың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайларына назар аударып, оларды тұрғын
үймен қамтамасыз етуді, жергілікті инспекторларды сапалы тірек пункттерімен, бейне-бақылау құралдарымен, жедел қимылға қажетті сапалы көлік бірліктерімен, тұрақты байланыс жүйесімен қамтамасыз етуді тездету шараларын қолға алу ұсынылсын!» Қаулы барлық аудандық кеңестерге таратылып, атқарушы орган басшыларының назарларына ұсынылды.
Сонымен бірге, коронавирус індеті таралымының алдын алу мақсатындағы мемлекеттік іс-шараларды қолдаған Қоғамдық кеңес, өз мүшелерінен тұратын арнайы комиссия құрамының тікелей қатысуымен
наурыз айының 16-17 жұлдыздары аралығында қаладағы ауруханалар мен дәріханалардың пандемиялық дерттің залалдарына қарсы атқарып жатқан жұмыстарына қоғамдық бақылау-мониторингін жүргізді. Карантиндік режимнің сақталуы мен дертке қарсы іс-шаралардың қатаңдық
категориясына сай болу процесінен де кеңес мүшелері сырт қалған жоқ.
Қаладағы, облыстағы пандемияға қарсы барлық бастамалардан хабардар болып отырған Қоғамдық кеңес мүшелері – дәрі-дәрмектің жетімділігі, провизорлық орталықтар жұмысының тиімділігі мен көлемін арттыру, төсек- орындардың жетімділігі, медицина қызметкерлеріне төленуге тиісіті үстеме
ақылардың дер кезінде тапсырылуы алыс-жақын шетелдерден келіп жатқан гуманитарлық көмектердің тәртіпке сай және дер кезінде таратылуы, олардың азаматтардың барлық категорияларына қолжетімділігін ойластыру жұмыстарының бел ортасында жүріп, тікелей эфир акцияларын ұйымдастырды! Атқарылған жұмыстарды сараптай келе осы карантиндік тәртіп кезінде ерекше азаматтық белсенділік көрсеткен Кеңес мүшелерінің еңбектерін атап өтуіміз керек – санитарлық-қауіпсіздік акциялары өткізіліп жатқан жерлерден жүргізілген кең көлемді тікелей эфирлер мен арнайы
репортаждар, короновирус дертінен емделушілерге, кей жағдайда – емдеушілерге де қажетті материалдық заттар жөніндегі ақпараттар, волонтерлар мен пандемияға қарсы күрестің алдыңғы шебінде жүрген жандарды жеке қорғаныс заттарымен жабдықтау іс-шаралары жөніндегі
ақпараттарды әлеуметтік ортаға таратып жүрген әріптестерімізге жаңа да жарқын табыстар тілеп, өз ризашылығымызды білдіреміз!
Сонымен бірге, өз ұсыныс-пікір, бастамаларымен кеңсе қабылдауына келген азаматтардың көтерген мәселелеріне байланысты зерделенген қанағаттанарлық жауаптар беру үрдісі, қызметтік қажеттілік кезінде министрлік мамандарының қатысуымен облыстағы барлық аудандық қоғамдық кеңестердің басшылық құрамы арасында ZOOM платформасы арқылы онлайн кездесу-пікір алмасулар өткізу облыстық Кеңесте тұрақты жолға қойылған.

*****

Есепті жылдың екінші жартысында 2020-2021-оқу жылдарының басталу ерекшеліктері мен мектеп ғимараттарына қатысты – ағымдағы жөндеу, күрделі жөндеу және жаңа құрылыстар салу мәселелері бойынша бір рет онлайн және бір рет дәстүрлі түрде кеңейтілген Отырыстар өткізілді.
Отырыстарға облысымыздағы білім беру саласына жауапты барлық қызмет басшылары мен өкілдері қатысып кеңінен пікір алмасты. Атқарылған жұмыстар мен кейбір артта қалушылық фактілері туралы талқылау өткізілді.

Кемшіліктерді жою жолдары бойынша Қоғамдық кеңес Отырысының хаттамалық ұсынымдары қабылданып, таратылды.

******

Желтоқсан айының 04 жұлдызында облыстың Қордай ауданында мемлекеттік жоспарлардың ішіндегі әлеуметтік маңызы ерекше – «Жұмыспен қамтудың жол картасы» Бағдарламасының Жамбыл
облысы аумағындағы орындалу барысына арналған Қоғамдық кеңестің кеңейтілген Отырысы өткізілді. Отырысқа облыстық мәслихаттың хатшысы Б.Ж.Қарашолақов, облыс әкімдігінің «Экономика және бюджеттік жоспарлау» басқармасының бастығы Г.Ә.Жауынбекова, облыс әкімдігінің
«Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар» басқармасы бастығының орынбасары К.М.Олжабаев, Қордай ауданының әкімі Р.Р.Дәулет бастаған аудандық тиісті сала басшылары, ОҚК мүшелері, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері қатысып баяндамалар жасады, өз ұсыныс- пікірлерін ортаға салды. Отырыс барысы желілік ZOOM платформасы арқылы барлық аудандарға таратылып жұртшылық кеңінен хабардар болды.
ҚК тарапынан құрылған арнайы мониторигтік топ алдын-ала Қордай ауданындағы құрылысы бітіп пайдалануға берілген немесе жұмыстары әлі де жалғасып жатқан тұрмыстық-әлеуметтік-өндірістік нысандарды аралап көрді.
Топ мүшелері халықтың пікірін тыңдап, әлеуметтік ортаның ұсыныс- бастамаларын зерделей келе – жалпы жұрттың Мемлекеттік Бағдарлама- Жоспарлар аясында атқарылып жатқан іс-шараларға риза екендіктерін, тұрғындардың мемлекет басшысына, облыс басшыларына жолдаған алғыстарын жеткізді.
Тағы да, аталған іс-шараның әлеуметтік маңызын ескере отырып Отырыс барысында талқыланған тақырыптар бойынша ОҚК дайындаған аналитикалық жазбаның мәтінін келтіреміз:
«Кейінгі жылдары қабылданған мемлекеттік әлеуметтік Бағдарламалар негізінде, оның ішінде «Жұмыспен қамту 2020-2021жылдар» Бағдарламалары аясында Жамбыл облысында қабылданған жоспарлы жоба индикаторларының соңғы айлардағы көрсеткіштері жұмыстардың негізінен
жалпы дұрыс бағытта келе жатқандығын аңғартады. Бүгіндері мемлекет тарапынан атаулы қаржы ресурстарының бөлінуі – алғашқы жылдардағы «Жұмыспен қамтуға ықпал ету» мемлекеттік қорына ғана тәуелді болу шарттарын жойып, ары қарай орталық және жергілікті бюджеттерден арнайы бөлінетін қаржы көлемін ұлғайту жұмыстары жолға қойылды. Жамбыл облысы көлемінде «Жұмыспен қамту жол картасы» арқылы 831 жоба қабылданып, оларға тиісті конкурстық таңдаулар пакеті өз
мерзімінде дайын болды. Аталған Бағдарлама шеңберінде және онымен қанаттас басқа да мемлекеттік бағдарламалар мен жоспарлар аясында («Еңбек», «Нұрлы жер», «Өңірлерді дамыту», «Ауылым алтын бесігім», «Дипломмен ауылға» т.б.) облыс көлемінде көптеген іс-шаралар атқарылды.

Облыстық «Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар» басқармасының мәліметіне сәйкес: 19615 жұмыс орны құрылып, оның ішінде 9850 адам халықты жұмыспен қамту орталықтарының
ұсыныстарымен жұмысқа қабылданды. Оның нәтижесінде өлкеміздегі жұмыссыздар саны бір шама қысқарды. Жол картасы арқылы нақты жұмыспен қамтылғандардың сапалық көрсеткіші төмендегідей:
– ауыл тұрғындарының – 76,3%
– жастар үлесі – 37,9%
– әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар санатынан – 9,0%
Қоғамдық кеңестің бақылау-мониторинг тобы мәліметтерінің көрсеткішіне сәйкес, жоғарыда айтылған жұмыс орындарының 2,5 мың бірлігі тұрақты жұмыс орындары.
Кәзіргі әлемдік дағдарыстардың біздің облыс аумағына да тигізген себептері мен салдарын ескерсек бұл жақсы көрсеткіш!»
Сонымен бірге, пандамея және басқа да түрлі себептерге байланысты нақтылай басталған 809 жобаның тек 742 нысанындағы жұмыстардың ғана толықтай аяқталып нысандар мен құрылымдардың іске қосылғандығын немесе пайдалануға берілгендігін де естеріңізге сала кетейік және кейбір жұмыстардың кейінге шегеріліп, алдыңғы жылдардың үлесіне ауысқандығы да бар. Себептерге келсек, Кеңестің бақылаушы жұмыс тобының ақпаратына сәйкес, кейбір мердігерлік бірліктердің Жамбыл облысы аумағынан қашықтау орналасуына, олардың жұмысшыларды алыстан тасымалдауына байланысты жұмыс қолдарының уақтылы жетіспеушілігі байқалған.
Жекелеген аудандардағы кейбір мектептерде түрлі деңгейдегі құрылыс жұмыстарының бекітілген аяқталу графигінен ауытқып кетуінің бір себебі осы екендігін, Кеңестің бақылаушы тобы биылғы оқу жылы басталардан көп бұрын – жаз айларында ескерткен болатын.
Соған қарамай, кейбір мектептердегі жұмыстардың барысын әлі де жетілдіре түсу қажет екендігі – әсіресе, 2020-2021 оқу жылының алғашқы тоқсаны барысында байқалды.
Осы жақында ғана баспасөз құралдарының орынды сынына ұшыраған Тараздағы №31 мектептің жағдайы 2020 жылдың білім саласы нысандарын жетілдіруге арналған жобасына енбей қалғандығы республикалық эфирде сөз болып оқу орны ұстаздары мен ата-аналардың орынды ренішін тудырғанына куәміз. Бірімен бірі түпкі мақсаттарымен жалғасып жатқан мемлекеттік барлық Бағдарламалар мен жергілікті жобалардың ішкі аутсорингін дамыта түсу қажеттілігінің кейбір көріністері осындай фактілерден құралады.
Егер барлық мемлекеттік 6 Бағдарлама ішіндегі тұрмыстық—әлеуметтік сұранымдарды толық та ауқымды деңгейде қамтыған «Жұмыспен қамту 2020-2021жол картасы» жұмыстарын жүргізуге 64,2 млрд көлеміндегі аса ауқымды қаржы бөлініп отырғанын ескерсек, бізге қойылатын негізгі талаптар құрамында – іскерлік пен жариялылық және уақыттың кезек күттірмес проблемаларына деген азаматтық
жауапкершіліктің сапалы көрсеткіштері тұр. Бәріміз куә болып отырған айтарлықтай жетістіктер – құрылыс, инфрақұрылымды жаңғырту, жол құрылысы, елді мекендерді тұрақты да сапалы ауыз сумен қамтып, оларды газ жеткізу желілерімен жабдықтау, білім беру мен денсаулық сақтау қызметін жандандыру, мәдениетті дамытып ұлттың рухани сапасын арттыру, тұрғындарды тұрмыстық-әлеуметтік жағынан қамсыздандыру, тұрғын үй-коммуналдық нысандарын күрделі немесе ағымдағы жөндеуден өткізу, елді мекендерді абаттандыру, дене шынықтыру мен спорт, әлемді жайлаған падемиялық дерт
таралымының алдын алу, экологиялық жағдайды жақсарту мақсаттарына деген мемлекеттік көзқарастың жаңа қырын танимыз. Ендігі кезек – жоғарыда айтып өткеніміздей, орындаушылық потенциалымызға тікелей байланысты.
Жұмыспен қамтудың 2020-2021жылдарға арналған жол картасы шеңберінде осы жылы бөлінген дағдарысқа қарсы қаражаттың тиімділігіне жүргізілген Мемлекеттік Аудиттың қортынды кестесіне жүгінсек, Жамбыл  облысының қаражат игерілімі көрсеткіштерінің көп өңірлермен салыстырғандағы жағдайы біршама жақсы екендігін байқаймыз. «Жұмыспен қамту 2020-2021 жол картасының» шеңберінде облысымыз аумағында есепті жылы қол жеткізілген – 90 білім беру нысандарының жөнделуі барысында ашылған 2800 жұмыс орыны, халықтың денсаулығына жауапты 14 нысанда ашылған 348 жұмыс орыны, 175 тұрғын үй- коммуналдық нысандарында жүргізілген жөндеу, қайта жаңғырту
жұмыстарын қамтыған 8 мың 200 маусымдық жұмыс орыны мен тұрақты 5900 жұмыс орындарының ашылуына себеп болған 328 инфрақұрылымдық жаңғыртулар, өңіріміздегі 122 елді мекенді
абаттандыру жұмыстарымен айналысқан 1400 адамдық жұмыс орнын құраған жетістіктер әлі де өзінің жемісті жалғасын таба беретіндігіне деген сенімді арттырды.
Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесі жұмысының 2020 жылы атқарған жұмыстарының қысқаша қорытынды көрсеткіштері осылай болды.

Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің
төрағасы Ә.Жолшыбеков

Добавить комментарий