ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ЕСЕБІҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕРТАРАЗ ҚАЛАСЫ

Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің  2019 жылы  атқарған  жұмыстарының есебі

Тараз қ.       27 желтоқсан 2019 жыл

Өзінің алғашқы құрамын – ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңының талабына сәйкес, 2016 жылдың ақпан айында 3 жылдық қызмет мерзіміне арнап қалыптастырған Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесі, 2019 жылдың ақпан-наурыз айларында Кеңестің кезекті мерзімге тағайындалатын жаңа құрамын жасақтау процедураларына қатысу мәселелерімен айналысты.     2016-2018 жылдары атқарылған жұмыстардың сапалық көрсеткіштері мен осы жылдар арасында жинақталған қызметтік тәжірибенің тиімді жақтарын болашақта кеңінен пайдалану және жетілдіре түсу жолдарын қарастырды. 3 жылдық қорытынды есептің нәтижелері – Қоғамдық кеңестер институты азаматтық қоғам құру мұраттарымен үндес, адами қатынастарға бейім құрылым екендігін анықтай түсті. Кеңес қызметінің құқықтық-конституциялық қызметінің басты мақсаты – қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша әлеуметтік ортаның пікірін білдіру болғандықтан Заңның 5 бабы 1,2,3 және 5 тармақтары талаптарына сәйкес облыстық бюджеттің жобаларына қоғам атынан баға беріп, олардың орындалуын, атқарушы органдардың нысаналы индикаторларға қол жеткізуі туралы есептерін тыңдау, облыс әкімдігінің бекітуіне ұсынылатын нормативтік-құқықтық актілер жобасының азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне сәйкестігін зерделеу, мақұлданған құжаттардың белгіленген мерзімнен кешіктірілмей айналымға енуіне бақылау жасау ҚК жұмысының негізгі бөлігі болды. Сонымен бірге, кейбір жекелеген азаматтарды  қабылдап олардан түсіп жататын ұсыныс–пікірлер мен арыз шағымдарды уақтылы қарап талқылау, олардың иелеріне дер кезінде толымды да тыңғылықты жауап беру, талаптарға сәйкес келетін талап, тілек, ұсынымдарды тиімді шешуге ұмтылыс жасау да осы жылдар ішінде қалыптасқан жағдай.

Кеңесте бірінші құрамында 29 мүше болса, 2019 жылғы таңдауда алғашқы қалыптасу кезеңінің үш жылында белсенді қызметі арқылы көзге түскен, қоғамдық кеңес жұмысы сынынан мүдірмей өткен адамдар мен кеңеске мүшелікке талап білдірген үміткерлер арасында іріктеу процесі жүргізілді. Сөйтіп, заңдылық күші бар құжаттарға енгізілген және республикалық көлемдегі бірнеше қоғамдық талқылаулар мен ақылдасуларда қаралған ұсыным-өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, Кеңес мүшелерінің саны 29 адамнан 19 адамға дейін ықшамдатылды. Тұрақты комиссиялардың саны бұрын 5 комиссия болса, бұл жолы қайта құру жолымен 3 комиссияға дейін оңтайландырылды.

Қоғамдық кеңес мүшелерінің құрамында – саяси-әлеуметтік, шаруашылық-өндірістік, мәдени-рухани салаларды ұзақ жылдар басқарып, халық шаруашылығын, өндіріс істерін ұйымдастыруда сыннан өткен, даму мен өркендеуге бағытталған іс-шаралардың әлеуметтік ортада айналымға енуіне бағытталған мемлекеттік жоспарларды жүзеге асыруға ат салысқан азаматтар мен жастардың бастамашылығын қолдау саясатына қызу араласып, қоғамдық-ақпараттық жүйенің ортасында жүрген белсенді жастар бар. 

Олардың сапалық құрамына тағы да назар аударсақ – барлығы жоғарғы білімді алуан мамандық иелері, шаруашылық пен мемлекеттік құрылымдардың сан саласының өкілдері. Ұлттық құрам мен гендерлік саясат ұстамы да белгілі мөлшерде қамтылған.

2019 жылғы ақпан айының 06-жұлдызында өткен Жамбыл облыстық мәслихатының кезекті сессиясында, ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңының 9 бабының 2 тармағына сәйкес мақұлданылып қалыптастырылған Қоғамдық кеңестің жаңа құрамы өзінің алғашқы отырысында кеңестің төрағасын, хатшысын сайлап, оның 3 тұрақты комиссиясының дербес құрамын ашық дауыс беру жолымен қалыптастырды, бұдан кейін комиссия төрағаларын және Қоғамдық кеңестің төралқа құрамын бекітті.

Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің жаңа төрағасы болып –өндірістік саланың елімізге белгілі ұйымдастырушысы – «Кирпичник»  ЖШС-нің директоры, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» номинациясының жеңімпазы, меценат Сембек Әбетайұлы Сейдәзімов, хатшысы болып –ұйымдастырушылық-идеологиялық, шаруашылық  салаларында ұзақ жылдар бойы жетекшілік қызмет атқарған тәжірибелі азамат- Шәбден Тоқтасынұлы Тілеумурат сайланды.

 Осы отырыста – Қоғамдық кеңестің «Әдістемелік-үйлестіру кеңесін» қайта қалыптастырып оның заманауи өзгерістерге бейімделген жаңа Ережесін жасау қажеттілігі жөнінде ұсыныстар айтылды, ҚК-тің жаңа құрамдағы «Эксперттік тобы» құрылды. Аталған топтардың жетекшілері болып – елімізге аты таныс белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Сенатының 1-2 шақырылымының депутаты Жандар Кәрібайұлы мен құқық қорғау-қоғамдық тәртіп қызметінің ардагері, полиция полковнигі Мұрат Шерниязұлы Ақылбаевтар сайланды.

Кезекті отырыста Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің 2019 жылға арналған жұмыс жоспары кеңес мүшелерінің толық құрамының қатысуымен кеңінен талқыланып, мүшелер тарапынан ұсынылған толықтырулар мен  өзгерістер енгізіліп, бекітілді. 

Жоспарда – қоғамдық бақылау мен қоғамдық мониторинг жүргізу жұмыстары, түрлі деңгейдегі мемлекеттік атқарушы органдар тарапынан дайындалған саяси-әлеуметтік, өндіріс-шаруашылық салаларды дамытуды қарастырған заңнамалық-тәртіптік күші бар құжаттардың айналымға енуін қадағалау, жергілікті атқарушы билік тарапынан ұсынылған әлеуметтік маңызы бар құжаттардың адам құқықтары мен олардың бостандықтарына, азаматтардың міндеттері мен олардың азаматтық қоғам алдындағы жауапкершілігіне сәйкестігін қамтыған тақырыптар қарастырылған. Билік вертикалы мен қарапайым халықтық ортаның ара-қатынасын реттейтін механизмдердің уақыт сынынан өткен саласы – өзара түсіністік пен есептілік қағидалары да қамтылған.

Сонымен бірге, Жоспарда қоғамдық дамудың түйінді де маңызды тұстарын жіті бақылап талдау жасау мақсатында, әлеуметтік салалар қызметінің қол жетімділігі мен тұрғындарға қызмет көрсету құрылымдарының тиімділік рейтингісін қамтыған мониторингтер өткізу де қарастырылған.

Бүгінгі күннің ең бір маңызды мәселесі – арнайы жоспарлар құрылып, түрлі деңгейдегі шешімдер қабылданып тұрмыстық-әлеуметтік саланың «жол карталарының» арқауына айналған мәселе – мемлекет тарапынан қарастырылған әлеуметтік көмек түрлерінің қолжетімді болуына, олардың жария да ашық түрде әділ таратылуына қоғамдық ықпал ету. Ықпал ету тетіктерінің негіздері де – тек ашықтық, жариялылық жағдайында қоғамдық бақылауда болуы керек. Бұл міндет, Қоғамдық кеңес жұмысының негізгі көрсеткіштерінің бірі екендігі де жұмыс жоспарында жан-жақты қарастырылған. Түрлі деңгейдегі басқару органдары жетекшілері мен аудан әкімдерінің Кеңес президиумы алдындағы есептерін тыңдау – осы мүддені көздейді.

Сондай-ақ, азаматтық қоғам құрудың тиімді тетіктерінің бірі – азаматтық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар бастамашыларымен паритеттік жағдайда ұсыныс-пікірлер алмасып, қоян-қолтық жұмыстар жүргізу жақтары да ескерілген.


1 – Қоғамдық ұйымдастыру мәселелері

ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңының 7 бабының, 2 тармағы, 3 тармақшасы талаптарына сәйкес, облыстық ақпарат құралдары мен интернеттегі әлеуметтік желілер арқылы Кеңестің 2016-2018 жылдары атқарған жұмыстары туралы 2019 жылдың алғашқы апталарында тиісті ақпараттар таратылды.

Қоғамдық кеңестің жаңа құрамына, оның жаңадан қалыптастырылған тұрақты комиссияларының құрамына жаңадан енгізілген мүшелерге, Кеңестің міндеттері мен жауапкершілігі туралы, оның жұмыс әдістері мен регламенті, атқарылар жұмыстардың ерекшеліктері туралы танымдық-әдістемелік кеңестер беріліп, сұрақ-жауап сағаттары, тәжірибемен бөлісу әңгімелері өткізілді. Оларға кеңестің жұмыс ырғағы мен күнделікті жұмыс графигінің ерекшеліктері, функциялық міндеттері таныстырылды. 

Облыс аудандарында жаңа құрамда сайланған Қоғамдық кеңестермен автономдық, дербестік қағидаларын ұстана отырып азаматтық-әріптестік байланыстар орнату мақсатындағы өз-ара пікір алмасулар мен кейбір жеке кездесулер өткіздік. Ортақ істе олқылықтар кездеспеуі үшін Қоғамдық кеңестер қызметінің негізгі мақсат-мүддесі – мемлекет пен қоғамдық ортаның арасындағы ақылдасу алаңы, келісім мен түсінушілік тетігі болуымыз керек екендігін тағы бір пысықтап, қоғамдық-бұқаралық ортаның талап-тілектер мен азаматтық бастамалардың әр-қашанда назарда болуының алдыңғы шебінен табылу қажет екендігі туралы ортақ әріптестік келісімге келу жолдары үнемі қарастырылып, жетілдіруде.

Мысалы, ОҚК комиссия мүшесі Ж.Кәрібайұлының бастамасымен республикадағы алғаш қолға алынып, Жамбыл облыстық ҚК базасында құрылған «Әдістемелік-ұйымдастыру Орталығының» (ары қарай – ӘҰО) мақсаты да осы талаптарды көздейді. 2019 жылғы қазан айының 16 жұлдызында өткізілген ӘҰО-ның кеңейтілген отырысына облыс аудандарындағы барлық ҚК өкілдері, атқарушы органдар мен БАҚ өкілдері шақырылып, Қоғамдық кеңестер жұмысын уақыт талабына сай жаңғырту мәселелері сөз болды. Кеңейтілген отырысқа ҚР Қоғамдық даму министрлігі жанындағы комитеттің бас сарапшысы Ж.Санаубаева арнайы Таразға келіп, кеңеске қатысушылар алдында сөз сөйледі. Осы жиында барлық аудандар мен кейбір ауыл, селоларда «Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңестер Күндерін» өткізу бойынша арнайы қарар қабылданды, ӘҰО Жарғысы талқыланып, қабылданды. Қолда бар ақпараттарға сүйенсек бұл бастама министрлік тарапынан да азаматтық қоғам мүшелері арасында да кең қолдау тауып отыр.

2019 жылы өткен саяси дамуымыздағы жаңа кезең – Президент сайлауы науқанына ҚК басшылығы мен мүшелері қызу араласып, электралды орталарда қоғамдық саясаттың сан-саласын қамтыған әңгімелесулер мен кездесулер өткізді. Сайлауды өткізу жөніндегі жұмыстардың ҚР «Сайлау туралы» Заңының талаптарына барынша сәйкес келуіне қоғамдық бақылау жасады.

Мекеме басшысы Қоғамдық кеңес аппаратын техникалық (оның ішінде оргтехникалық) құралдармен толықтырып, жұмыс кабинеттерін мебельмен, жұмыс барысында қажет болатын басқа да құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті.

 

2 -Қоғамдық-әлеуметтік қызметтер

2019 жылы Кеңестің 33 отырысы өткізілді. Олардың 22-і президиум отырысы, 11-і президиумның кеңейтілген отырыстары. Отырыстарда қаралған мәселелердің жалпы саны 140-тан астам. Оның ішіндегі 128-і орталық немесе жергілікті атқарушы органдар тарапынан түскен нормативтік-құқықтық актілердің жобалары. Отырыстарда қоғамды толғандырып отырған мәселелердің негізгі салалары санатында тұрған – көпбалалы аналар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар, тұрмыстық жағынан кенжелеп отырған жекелеген азаматтарға берілетін әлеуметтік атаулы көмек, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге арналған іс-шаралар, мемлекеттік қызмет көрсету деңгейін жақсартуға арналған жұмыстар мен денсаулық сақтау, алғашқы медициналық көмек көрсету мәселелері сөз болды.

Осы 2019 жылдың ақпан айының 22-жұлдызында Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметовтың Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесі алдындағы есебі тыңдалды. Облыс әкімі, өзіне өңір басшысы өкілеттігі шеңберінде Президент айқындап берген тапсырма-міндеттерді 2018 жылы қалай атқарғандығы туралы, облыста 2018 жылға арналып бекітілген индикативті жоспар негізінде қандай іс-шаралар мен жұмыстарды жүзеге асыра алғандығы туралы, 2019 жылға бағытталған алдағы мақсаттары туралы Қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында толық баяндап берді.

Облыс әкімінің жылдық есебіне – Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің барлық мүшелері, аудандық Кеңестердің төрағалары, облыстық, аудандық атқарушы органдардың басшылары мен мамандары, баспасөз құралдарының өкілдері, азаматтық қоғам бірлестіктерінің өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері шақырылған болатын.

Жылдық есепте елімізді индустрияландыру мен оны цифрландыру үрдісін жалғастыру, инвестиция тартудың жолдарын жетілдіру, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығын дамыту, тұрғындарды тұрмыстық-әлеуметтік жағынан қамту, бағаны тұрақтандыруға күш салып, жұмыссыздықты азайту, Тараз қаласы мен облыс көлеміндегі басқа да қала-елді мекендерді көркейту-көгалдандыру сөз болды. Сонымен бірге –қоғамдық тәртіптің бұзылу факторларына жол бермеу, жас ұрпаққа білім беру мен жастар тәрбиесін назарда ұстау, тұрғындар денсаулығына мән беріп, азаматтық қоғам мүшелерінің мәдени-рухани сұраныстарын қанағаттандыруға күш салу, құрылыс оның ішінде – тұрғын үй құрылысы мен жол құрылысын үздіксіз жалғастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл әрекеттерін жандандыру, өлкеміздің экспорттық әлеуетін арттыруға себі тиетін тауарлар өндірісін ұлғайту әдістерін жетілдіру, өлкемізде туризм индустриясын дамыту мақсаттары бойынша өткен жылғы атқарылған іс-шаралардың, облысымыздың 2019 жылға арналған индикативті жоспары негізінде де жалғаса беретіндігі туралы кеңінен баяндалды. Асқар Исабекұлы есепті баяндамасын аяқтай келе: «Сондықтан да, әлеумет пен атқарушы биліктің арасындағы келісім алаңы, ақылдасудың алтын көпірлі арнасы санатындағы құрылым, Сіздер мүшелері болып табылатын – Қоғамдық кеңестердің қолында десем артық айтқандық емес. Заң талаптарына сәйкес дамудың дәстүріне жүгінсек, атқарушы билікке қарағанда әлеуметтік ортаға олардан гөрі Сіздер бір табан жақын тұрсыздар. Сіздер өздеріңіздің жұмыс жоспарларыңыздың негізінде көпшілік әлеуметтік ортада кездесулер мен ақылдасу-пікір алмасулар өткізесіздер, заман мен уақыт талаптарына сәйкес қолға алынып жатқан барлық жұмыстардың қай деңгейде орындалып жатқанына бақылау-сараптау мониторингтарын жасайсыздар, әлеуметтік өтініштер мен жекелеген арыз-шағымдардың Сіздерге бізден әлдеқайда тезірек жететіндігінен де хабардармын» – деп түйіндеді.

Әкімнің есеп беру басқосуына Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы Б.Ж.Қарашолақов мырза қатысып, Кеңестің жаңадан сайланған құрамының жұмысына табыстар тіледі, алдағы атқарылар жұмыстардың – халықтық сайлау сүзгісінен өткен бірден-бір өкілетті орган – әр түрлі деңгейдегі жергілікті мәслихаттармен тығыз байланыста атқарылатындығына сенім білдірді. Азаматтық қоғам мұраттарын қалыптастырудағы бүкілхалықтық сайлау институттарының ерекше роліне тоқталып, ҚК-тің болашақ жұмыстарына табыстар, Кеңестің жаңа құрамына ақжол тіледі.

                                                   ******

Сонымен бірге, дәрі-дәрмектердің бағасы, оның ішінде тегін берілетін дәрілердің қолжетімді әрі жеткілікті болуына қызметтік бақылау жасау жұмыстарына да жазбаша мониторингтар жасап, оларды кезекті отырыстарда алдын-ала талқылау дәстүрін де үздіксіз жалғастырып келеміз.

Осы 2019 жылғы сәуір айының 16-шы жұлдызында қоғамдық көлік қозғалысының жағдайы, қалалық тасымал көліктерінің сапасы, олардағы жүргіншілерге қызмет көрсету мәдениеті, аялдамалардың ахуалы бойынша тиісті мамандардан жасақтандырылған арнайы топ жылжымалы бақылау-мониторингін жүргізді, оның барысы кешіктірілмей облыстық телеарна және әлеуметтік желілер арқылы таратылды.

Қоғамдық кеңес «Эксперттік тобының» жетекшісі мен құрылымның 2 мүшесі бастаған бақылау-мониторинг топ құрамында – жол полициясының арнайы экипажы, ҚР Энергетика министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті Жамбыл облысы бойынша Экология департаментіне қарасты сынақ зертханасы мамандары, баспасөз өкілдері болды.

Бақылау актілері толтырылып, сынақ зертханасының қорытындысы негізінде дайындалған акт және департамент басшысының қолымен бекітілген растама хаты алынды. Қоғамдық қатынас көліктері бағыттарындағы 30-дан астам экипаж тарапынан жіберілген кемшіліктерді жою туралы ұсыныстар айтылып, олар бақылауға алынды.

Ескерте кететін бір жағдай – қоғамдық тасымал, тасымал көліктерінің жай-күйі, оларда қызмет ететін – жүргізуші, кондукторлардың жүргіншілерге қызмет ету мәдениеті, жол ережесін сақтау тәртібі, қала экологиясына тікелей әсер ететін қоспалар таралымының белгіленген мөлшерден асып кетпеуін қадағалау міндеттеріне арналған осындай бақылау-мониторингтарының тұрақты жалғасып келе жатқандығы…

2019 жылдың наурыз айында жүргізілген арнайы жұмыстардың нәтижесінде, Қоғамдық кеңестің шешімімен «Жамбыл облысы аумағындағы көп балалы аналар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтар жөніндегі» арнайы комиссия құрылып, оның 10 адамнан тұратын мүшелері мен комиссияның жұмыс Ережесі бекітілді. Олардың құрамына: «Ақжүніс» көпбалалы аналар бірлестігінің, ата-аналар комитетінің, қаладағы пәтер иелері кооперативтерінің, мүгедектер қоғамдық бірлестігінің мүшелері мен «Қызыл Жарты Ай» қоғамының төрайымы, Қазақстан фермерлер одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, салалық кәсіподақ бірлестігінің төрағасы және бизнес өкілдері тартылған. Комиссияның Кеңес қолдауымен, оның басшылығы немесе мүшелерінің қатысуымен атқаратын жұмыстарының дені азаматтарды тұрмыстық-әлеуметтік жағынан қолдау.

Егер аталған комиссия тарапынан атқарылуға тиісті әлеуметтік мәселелер ішінен теріп алып айтар болсақ, олар:

  1.  Көпбалалы аналарға және әлеуметтік жағынан аз қамтылған  топтарға берілетін атаулы әлеуметтік жәрдемақылардың дұрыс әрі толық көлемде тағайындалуын қадағалап, атаулы төлемдердің адресті таратылуын зерделеу.
  2. Көпбалалы аналарға және әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарға жәрдемақылар тағайындауға қажетті құжаттар топтамасын дайындауға көмектесу.
  3.  Тұрмыстық мүмкіндігі шектеулі көпбалалы отбасы мүшелерінің қоғамдық, әлеуметтік, көліктік инфрақұрылым объектілеріне қолжетімділігі мәселелерін зерделеу.
  4.  Мүмкіндігі шектеулі көпбалалы отбасы мүшелерінің көмекші және компенсаторлық құралдар алуға, шипажай жолдамаларына кезекке тұруға қатысты құжаттарын дайындауға жәрдемдесу.
  5.  Көпбалалы отбасыларының және әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтардың жұмысқа жарамды мүшелерін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тұрақты қоғамдық бақылау жасау.
  6. Облыста қолға алынып, көпшіліктің ризашылығын алған «Инва-Такси» жобасының дамуына бақылау жасау жұмыстарын жүргізу.
  7.  Емханалармен мен басқа да денсаулық сақтау мекемелерін бәсекелестік ортаға берудің жағдайы, жеке басқаруға өткен нысандардағы жұмыстар көрсеткіші.

Комиссия, осы ұстанымдар шеңберінде – соңғы кездері мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан көпбалалы аналарға қаралған әлеуметтік көмек, тұрмыстық жадайлары төмен отбасылары мен мүгедек жандарға мемлекет тарапынан берілетін АӘК, осы санатта бөлінетін баспаналардың ашық және жария кезек арқылы таратылу тәртібінің сақталуы әлеуметтік маңызы зор мәселелерді қолға ала бастады.

Бұл әрекеттер – еліміздің жетілген азаматтық қоғам құруға арналған қадамдарына белгілі деңгейде әсер ете алатын орта қалыптастыруға, азаматтардың өздерін өздері басқаруға деген құлшыныстарын арттыруға және атқарушы билік пен әлеуметтік ортаның өзара жақындаса түсуіне себепкер болатын факторлар екендігінің айғағы.

Мысалы, дәл осы балалардың демалысын ұйымдастыру науқаны күндері облыстық Білім басқармасы жанынан құрылған арнаулы кеңес мүшелері балалардың маусымдық демалыс лагерлері жұмысына қоғамдық бақылау жасап отырды. Осы жылғы желтоқсан айының 15 жұлдызында шағын бизнес ашуға ынталы топпен кездесіп, олардың пікірлеріне талдау жасадық, материалдық базасы мен қаржылық әлеуеттері туралы кеңесіп, мәселені қоғамдық бақылауға қойдық.

Қоғамдық кеңес сәуір айының басынан бастап қоғам дамуы барысында кездесетін кейбір түйткілді мәселелерді, мысалы бағаны тұрақтандыру, жұмыссыздықты азайту, мемлекеттік сатып алу, қоғамдық тәртіптің сақталуы, коррупциялық әрекеттердің алдын алу мәселелерін ашық талқылап, азаматтардың ойында жүрген ұсыныстар мен пікірлерін ортаға салып зерделеуді көздеген арнайы шешім қабылдап, онымен баспасөз құралдары, әлеуметтік желілер арқылы Жамбыл облысының жұртшылығын кеңінен хабардар еткен болатын. Кәзір, жер-жерден ауызша және жазбаша түрде хабарламалар мен қоғамды толғандырып отырған кейбір проблемаларды шешу талаптары мен жолдары қойылған жазбаша ақпараттар түсе бастады. Олар бойынша тиісті структураларға хабарланып отырды, Кеңес құзыреті аясында тапсырмалар да берілді.

Мысалы, бүгінгі күнге дейін осы хабарламаға сәйкес, жоғарыда айтқанымыздай, ауызша немесе жазбаша жеке азаматтардан келіп түскен Оңлабеков Нарынбек, Нұрдынов Кеңесбек, Көбесов Смайылдар мен т.б. азаматтардың хабарламаларында – жеке бастың ғана шаруасы емес, жалпы халықтық-қоғамдық мәні бар тұрмыстық-әлеуметтік мәселелердің көтерілуі көңіл аудартады…

Қоғамдық бақылауға алынуға тиісті көптеген мәселелер жер-жерден түскен ақпараттар арқылы қалыптастырылады: Қордай ауданы Отар станциясында теміржолдан көлік өтетін көпір салу, аудандағы халыққа қызмет көрсететін Орталық пен аудан орталығындағы өрт сөндіру мекемесіне жаңадан ғимарат  салу, «Сортөбе» ауылына мүгедек балаларды емдеу бөлімшесін салу, Тараз қаласы бойынша АӘК науқаны кезінде заңсыз төленген қаржыны қайтару (30 584,0 теңге), Талас ауданының орталығы Қаратау қаласындағы, кезінде түрлі жағдайларға байланысты қараусыз қалған пәтерлерді аудандық әкімшіліктің уақытша рұхсаты негізінде иемденіп, олардың барлық коммуналдық төлемдері мен күтім ауыртпалығын өз мойындарымен көтеріп келген тұрғындардың 10-15 жылдан бері өз мәселелерін шеше алмай келе жатқандығы осындай кері байланыстар нәтижесінде анықталды… Қоғамдық кеңес төрағасы мен Кеңес мүшелері Қаратау қаласына арнайы барып, жауапты мекеме басшыларымен кеңес өткізіп қайтты. Мәселе Қоғамдық кеңестің бақылауына алынды.

Өйткені бұл – әлеуметтік ортаның азаматтық қоғам құру процесіне тікелей атсалысуға деген құлшыныстарының бірте-бірте артып келе жатқандығының белгісі болса керек! Кәзір осы бағыттағы басқа да хабарламаларды үздіксіз зерделеуге, оларға байланысты тиісті іс-қимылдар жасауға дайындықтар жүргізуді Кеңестің күн тәртібі санатына қосуды қолға алып, оны жетілдіре берудің стратегиясын дамытудамыз. Олардың нәтижесі туралы көпшілікті алдағы мерзімдерде де хабардар етіп отыру жағы да қарастырылған. Оларды, күнделікті баспасөз бетінде, эфирлік ақпарат құралдарында жарық көріп жатқан материалдардан басқа, Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің арнайы сайтында (q-kenes.kz) жарияланып келе жатқан хабарламалардан көруге болады.

                                                        *******
Осы 2019 жылы, Кеңестің жұмыс тәжірибесінде алғаш рет жұмыс күші қажетті облыстарға қоныс аудару науқанына бақылау жүргізіп, азаматық қоғамның қайырымдылық белсенділігіне жүгіндік. Мысалы, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметі бойынша,жұмыс күші тапшы өңірлерге өз еріктерімен қоныс аудару науқаны барысында басқа облыстарға қоныс аударғандардың саны 465 адам, немесе 160 отбасын құраған. Нақтылай айтсақ:

1     Солтүстік Қазақстан облысына – 54 отбасы (163 адам);

2 Павлодар облысына – 20 отбасы (52 адам);

3     Шығыс Қазақстанға – 47 отбасы (119 адам);

4    Қостанай облысына – 39 отбасы (131 адам) өз еріктерімен қоныс аударды. Жұмыспен қамту, «еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» бағдарламаларының нәтижелі барысы да Қоғамдық кеңес назарында.

Сондай-ақ, ұзақ жылдар мүгедектер арбасына таңылған Тараздық қызымыз Жан Рахимованың ауруын емдеуге өз  келісімдерін берген шетелдік медициналық орталықтың табылуына байланысты, Жанның емделуіне қажетті қомақты қаржы жинау мақсатымен, облыс тұрғындарын қайырымдылық шарасына шақырдық. «Алыстағы Салоники қаласында орналасқан «Эвексия» Реабилитациялық орталығы қызметіне төленуге тиісті қомақты қаржы қажет! Сол үшін, ардақты жамбылдықтар, егер де Жан қызымызға қол ұшын беріп, көмек көрсетейік десеңіздер, өз мүмкіндіктеріңіз шегіндегі қаржыны Жан Рахимованың Kaspi Bank және Halyk Bank қаржы мекемелерінде ашылған арнаулы қайырымдылық есепшоттарына аударуларыңызды өтінеміз!» деп, облыстық ақпарат құралдары арқылы жұртшылыққа өтініш-үндеу тастадық… Қызымыз кәзір Салоникадағы сал ауруларын емдейтін «Эвексия» орталығында ем қабылдап жатыр… Қызымыздың жағдайы жақсарып, науқасының беті бері қарады деген жақсы хабар алып, қуанып отырмыз!

Қоғамдық кеңес мүшелері облыстағы әр-түрлі арнайы комиссиялардың мүшелері есебінде де көптеген мәселе-ұсыныстардың өз шешімін табуына қол ұшын беріп, мәселелердің әлеуметтік ортаға тиімділік жағын қолдап келеді. Олар, биылғы жылдың басты саяси оқиғасы – Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы науқанына байланысты құрылған бастамашыл топ мүшелері есебінде де көптеген жұмыстар атқарды.

Аудандарға шығып әлеуметтік-электралды ортада кедесу-пікір алмасулар өткізіп, сайлаушылар тарапынан түскен көптеген сұрақтарға тыңғылықты жауаптар берді, сайлау учаскелерінде сайлауалды жұмыстардың нәтижелі жүргізілуіне бағытталған көмектер көрсетті.

Сайлаудан кейінгі мерзімде Қоғамдық кеңес 2019 жылдың сәуір айында басталған қаланы сумен, жылумен қамту жүйесіне жүргізілген кешенді жөндеу жұмыстарының барысына қоғамдық бақылау жасады. Аталған М-2, М-4 жобаларына жауапты мердігер компаниялармен тікелей байланысқа шығып, аталған жұмыстардың жылу маусымына дейін аяқталуына, қазылған көшелер мен жаяу жолдардың қайтадан көмілуі мен оларға асфальт төсеніштер салынуын – оқу жылы басталғанға дейін аяқтау қажеттілігін қозғаған бірнеше отырыс-талқылаулар өткіздік. Ол отырыстар мен талқылауларға қала басшылары, облыстық тиісті басқармалар мен қалалық бөлімдер басшылары арнайы шақырылып, жұмыстардың барысы туралы хабарлама-есептер беріп отырды. Талқылау, мониторинг жасау тәсілдері арқылы аталған жұмыстардың маусымдық графикке сәйкестігі Кеңестің президиум мүшелерінің үздіксіз бақылауында болды. Нәтижесінде, тұрғындар тарапына уәделі кезеңге сай қажетті жағдайлар жүзеге асырылды, жылу, ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары өз кезеңіне сәйкес орындалды.

Қорыта келе айтарымыз – қоғамдық дамуда, мемлекеттік өркендеуде демократия принциптерін ұстанған еліміздің индустриялық-экономикалық, шаруашылық-өндірістік, тұрмыстық-әлеуметтік және мәдени-рухани жағынан дамуына, қоғамдық татулық пен келісімнің кемелденуіне, қоғамдық ішкі тәртіптің сақталуына бағытталған жұмыстарға әлеумет атынан азаматтық бақылау жасау институты – Қоғамдық кеңестердің атқарар жұмыстары жалғаса бермек. Сондықтан да біз әрқашан әлеуметтік ортадан орынды ұсыныстар, оңтайлы бастамалардың қайнары – азаматтық белсенділік күтудеміз!

 

      Жамбыл облыстық

      Қоғамдық кеңесінің 

      төрағасы                                                                      С.Сейдәзімов

Добавить комментарий