Басты ақпаратҚОРДАЙ АУДАНЫ

Жаңа құрам – жаңа белес

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына орай 2015 жылдың 2 қарашасында елімізде «Қоғамдық кеңестер» туралы Заң қабылданған болатын. Артынша аталмыш кеңес ауданымызда да құрылып, жұмысын сәтті жүргізіп келеді. Жақында мүшелері қайта сайланған аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы да қайта сайланды.

 

«Нұр Отан» партиясы Қордай аудандық филиалының мәжіліс залында өткен жиында аудандық Қоғамдық кеңестің төрайымы болып Баян Қарамолдаева сайланды. Кеңес мүшелерінің Баян Нәзікеқызына бір ауыздан дауыс беруін Қордай ауданының «Құрметті азаматына», ауданның әлеуметтік саласының дамуы жолында жемісті еңбек еткен жанға деген үлкен сенім мен құрметтің белгісі деуге әбден болады. Жиында төрайым алғысын айтып, жұмыла атқарған жұмыстың жемісті боларына сенім білдірді. Сонымен қатар, жиын барысында қоғамдық кеңес хатшысы болып Гүлнар Нүспекова сайланып, кеңес ішіндегі үш комиссияның құрамы бекітілді. Ал, бюджет, қаржы және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау мәселелері жөніндегі комиссияға кеңес мүшесі Мырзағали Күзербаев басшылық ететін болса, қоғамдық құқықтық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік-мәдени салалар және қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдармен байланыс мәселелері жөніндегі комиссияға Дамира Сүгірбай жетекшілік ететін болды. Сондай-ақ, аграрлық саясат, табиғатты және жер ресурстарын пайдалану, техногендік үрдістер, құрылыс, көлік және коммуналдық шаруашылық салаларын дамыту мәселелері жөніндегі комиссияға Қарлығаш Қыпшақбаева жетекшілік етпек.

Жиынға төрағалық еткен аудандық мәслихат хатшысы Руслан Нұрсипатов кеңестің жаңа құрамын құттықтап, елмен етене еңбек ететін қоғамдық кеңестің жұмысына сәттілік тіледі.

Добавить комментарий