2021 жылБАЙЗАҚ АУДАНЫ

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ОТЫРЫСЫНДА – ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

Аудан экономикасының өсімі тұрақты көрсеткіштермен нақтыланып, аудан бюджеті де жылдан жылға өсіммен бекітіліп, оның орындалуы қамтамасыз етілуде. Оған аудан бюджетінің алдыңғы жылмен салыстырған 12 млрд. теңгеге көбеюі дәлел.

Мұндай мәліметті аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткізілген аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында аудан әкімдігі қаржы бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Майра Нурекеева келтірді. Қоғамдық кеңес төрағасы Жұманғали Құмғанбаевтың төрағалығымен өткен отырысқа аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов, кеңес мүшелері, бірқатар бөлім басшылары мен мамандары шақырылды.

Аталмыш жиында кеңес мүшелері «2020 жылғы аудан бюжетінің атқарылуытуралы» аудан әкімдігі қаржы бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Майра Нурекееваның, «Денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы және денсаулық сақтау нысандарының материалдық – техникалық қамтамасыз етілу деңгейі» жөнінде аудандық орталық ауруханасы Бас дәрігерінің орынбасары Ерік Мұсабаевтың, «Аудандағы ішкі саяси жағдай және қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдармен атқарылып жатқан жұмыстар туралы» аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Иманованың есептерін тыңдады. Алдымен отырыстың күн тәртібі мен регламенті бекітілген соң, аудан әкімдігі қаржы бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Майра Нурекеева баяндамасын жасады.

Аудан бюджетінің 2020 жылға кірістер бойынша түзетілген жоспары 31 млрд. 009 млн. 496,0 мың теңге болғанын жеткізген баяндамашы салықтық түсімдер, салықтан тыс түсімдер, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер, салық берешегі, шығындар бөлімінің орындалу барысы, жалпы сипаттағы мемлекеттік қызметтерге, қорғанысқа, қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік,құқықтық, сот, қылмыстық – атқару қызметіне, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы, мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістiк, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, сәулет, қала құрылысы және құрылыс, көлік және коммуникацияға жұмсалған қаржыларға тоқталды. Сонымен бірге, есепті мерзімде «Ауыл – ел бесігі» жобасы мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы арқылы атқарылған жұмыстар туралы ақпарат берілді.

Денсаулық сақтау саласы бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп берген аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ерік Мұсабаев аудан көлемінде 44 емдеу мекемелері тұрғындарына қызмет көрсететінін айтты. Сондай-ақ, Ерік Мұсабаев емдеу мекемелерінің мамандармен қамтылу деңгейі, бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемелерінің материалдық техникалық базамен қамтылу, демографиялық көрсеткіштер, аурушаңдық, диспансерлік есепте тұратындармен жүргізілген жұмыстар, коронавирустық инфекцияның алдын алу бағыты, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі, Қазақстан Республикасының 2020-2025 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі денсаулық сақтау саласының нысаналы индикаторларының орындалуы, профилактикалық скрининг, ақылы қызмет көрсету тәртібі мен тегін дәрі – дәрмекпен қамтамасыз ету деңгейі және оған бөлінген қаржы көлемі жөнінде баяндады. Бұдан соң аудандық санитарлық – эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Роза Прімқұлова қосымша баяндама жасап, емдеу мекемелерінің санитарлық – техникалық жағдайына жүргізілген зерделеу жұмыстарына тоқталды. Ауданның денсаулық сақтау нысандарындағы шешілмеген бірқатар өзекті мәселелерді де тілге тиек етті.

– Ағымды жылдың бүгінгі күніне дейін аудан бойынша «COVID-19» жалпы 493 жағдай тіркелсе, аудан бойынша сырқаттанушылық көрсеткіші (100 000 тұрғынға шаққанда) 449,9 құрайды. Сонымен қатар, пневмония (коды U 07.2 COVID-19 сәйкестендірілмеген) 653 жағдайы (100 000 тұрғынға шаққанда 596,0 құрады) тіркелінді, – деді Роза Прімқұлова. Осы мәселе бойынша Қоғамдық кеңестің «Әлеуметтік – мәдени, білім беру, спорт, денсаулық сақтау салалары және қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдармен байланыс мәселелері жөніндегі комиссиясының» төрағасы Дулат Жақыпбеков те жүргізілген зерделеу жұмыстары туралы айта келе, қан тапсыратын зертхана жұмысына қатысты ұсыныс берді.

Отырыстың күн тәртібіне шығарылған «Аудандағы ішкі саяси жағдай және қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдармен атқарылып жатқан жұмыстар туралы» есеп берген аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Иманова қоғамдық саяси ахуал, 18 ауылдық округ бойынша жасалынған «қауіп – қатерлер» картасы бойынша қамтылатын мәселелер, ақпараттық саясат, азаматтық қоғам институттарымен жүргізілген жұмыстар, этносаралық саладағы ахуал және қандастар, еңбек мигранттары, үкіметтік емес ұйымдарымен өзара іс-қимыл бойынша аудандық деңгейде жүргізілген жұмыстар барысы, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жөнінде баяндамасында қамтып өтті.

Күн тәртібі өзекті мәселелерді қамтыған Қоғамдық кеңес отырысына қатысушылар тарапынан баяндамашыларға сауалдар қойылып, оған тиісті жауаптар қайтарылып, айтылған ұсыныстар назарға алынды. Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов қаралған мәселелердің бүгінгі таңда өзектілігіне назар аударды. Жиында күн тәртібіне шығарылған әрбір мәселеге байланысты кеңес мүшелері Қарар қабылдаған соң, кеңес төрағасы Жұманғали Құмғанбаев қорытынды жасады.

Добавить комментарий