2017 жылБАСШЫЛАРДЫҢ ЕСЕБІҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ЕСЕБІ

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС – ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУДЫҢ ТИІМДІ ТЕТІГІНЕ АЙНАЛУЫ ТИІС

(Облыстық Қоғамдық кеңестің 2016 жылы атқарған жұмысы туралы есебі)

 Тәуелсіз Қазақстан дамуының жаңа белесінде Елбасы Н.Ә Назарбаев ұсынған реформалар аясында билік пен азаматтық қоғам арасындағы дәнекер, әрі олардың күш-жігерін, мұрат- мақсаттарын бір арнаға тоғыстырып, қалың жұртшылықты кешегі әміршілдік кеңестік жүйеде мейлінше мемлекеттендірілген ыңғайға жығылғыш, бейқам әрі бейжай күйден арылтуға ықпал етіп, олардың қоғам ісіне белсенді түрде араласуына қол жеткізуге, жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге тиісті Қоғамдық кеңестер қалыптасу кезеңінде облыс басшыларының қолдауымен бойларын тіктей бастады.
Бұл айтылғандардың өз жұмысын өткен жылдың ақпан айының 27 күні облыс Әкімі К. Көкірекбаевтің 2015 жылдың қорытындысы, ағымдағы жылдың міндеттері туралы есебін тыңдаудан бастаған, облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов басқарған арнайы комиссия конкурстық негізде жасақтаған құрамында 29 мүшесі бар, 5 ұлттың өкілдерін қамтыған Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесіне тікелей қатысы бар. Енді аталған кезеңдегі алғашқы адымдарымыз, оның ішінде «Қоғамдық кеңестер туралы» заң талабынан туындайтын мақсаттар мен міндеттердің орындалуы жөнінде есеп беру кезеңінде не істелді, алда не істелмек?-деген сұрақтарға жауап беріп көрелік.
Өңірге белгілі азаматтар Қоғамдық кеңестің секретары Қ.Шотбақов, ауылшаруашылығын дамыту, бюджет және қаржы, кәсіпкерлікті қолдау, азаматтардың құқын қорғау, әлеуметтік мәселелер бойынша құрылған комиссиялардың төрағалары Сембек Сейдазимов, Сағынхан Әміреқұлов, Әбдірахым Едігеев, Хыдыр Бегалиев, Гүлсін Орынбаевалардың ұйымдастырушылық әрекеттерінің нәтижесінде күнделікті практикалық жұмысымызда заңнан туындайтын іс- қимылдың басты бағыттары қалыптаса бастады.
Бірінші бағыт.Қоғамдық кеғестер қызметінің мақсаты қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша жұртшылықтың пікірін білдіру болғандықтан заңның 5 бабының 1,2,3 және 5 тармақтарының талаптарына сәйкес облыстық бюджеттің жобаларын, олардың орындалуын, атқарушы органдардың нысаналы индикаторларға қол жетізу туралы есептерін тыңдау, облыс әкімдігінің азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және талқылауға қатысу.
Айтылған талаптар тұрғысынан есепті кезеңде облыстық Қоғамдық кеңес 15 пленарлық, 24 президиум отырысын, 2 қоғамдық тыңдау өткізіп 106 мәселе қарады. Олардың мазмұны Елбасы айқындаған реформалар аясында жергілікті мемлекеттік органдар атқарып жатқан ауқымды істермен сабақтаса өріліп, салмақты роль атқарғаны даусыз. Бұған төменде айтылатын дәйектер дәлел.
Қоғамдық кеңес «2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы»,»Жамбыл облысын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасына өзертулер мен толықтырулар енгізу туралы, 2017-2019 жылдарға арналған облыстың бюджет туралы облыстық мәслихат шешімдерінің жобаларын (барлығы 16 мәселе бойынша) қарап тиісті ұсынымдар берді.
Сондай-ақ Облыс әкімдігінің бұрын қабылдаған ауылшаруашылығы, денсаулық сақтау, жер қатынастары, табиғи ресурстар мен табиғатты реттеу, білім, мәдениет, сәулет және қала құрылысы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, энергетика мәселелері жөніндегі 40-тан астам нормативтік – құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілген қаулы жобалары қоғамдық кеңестің отырысында талқыланып, олар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірмейді деп танылып әрі қарай басқа органдардың қарауына жіберілді. Егер Қоғамдық кеңестің қорытынды тұжырымы болмаса, онда азаматтардың құқықтары мен еркіндігіне қатысты нормативтік құқықтық актілер әділет органдарында тіркелмейтіндігі жөніндегі заң талабы орындалуда..
Елбасы Н.Назарбаевтың «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» бесінші реформасын жүзеге асыратын Ұлт жоспарының 99 қадамына сәйкес мемлекеттік қызмет көрсетулердің бірыңғай провайдері «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясының құрылуы себепті осыған дейінгі қабылданған облыс әкімдігі басқармаларының мемлекеттік қызметтер көрсету регламенттері қайта рәсімделуіне байланысты қоғамдық кеңес мемлекет тарапынан азаматтарға көрсетілетін қызметтердің 30-дан астам регламенттерінің жобаларын азаматтардың құқы мен бостандықтарын сақтау, шектемеу тұрғысынан зерделеп ұсыныстар берді. Қоғамдық кеңес туралы заңның 19 бабының 3 пунктіне сәйкес кеңес мүшелерінің алдын ала Облыс әкімдігі жанындағы 19 комиссия құрамына енгізілуі құжаттардың дайындалу кезеңінде –ақ кейбір кемшіліктерді дер кезінде түзеуге септігін тигізіп отырды. Айтпаса болмайды, «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңның 16 бабының нормасына сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарттары республика деңгейінде ҚР Әділет министрлігінде тіркелгеннен кейін күнтізбелік 30 күн ішінде облыс басқармалары мемлекеттік қызметтердің регламенттерін әзірлеп облыс әкімдігінің қарауына ұсыну тәртібі мен мерзімі көп ретте сақтала бермейтіндігіне Қоғамдық кеңес облыс әкімдігі басқармаларының назарын аударып отырды.
Екінші бағыт.Заңның 16 бабының 3 тармағына сәйкес облыстық қоғамдық кеңестің азаматтардың атқарушы биліктің қызметіне сенім деңгейін арттыруға, қоғам мен мемлекет арасында қайтымды байланысты қамтамасыз етуге, әлеуметтік шиеленістердің оң шешім табуына қатысуы.
Облыстық Қоғамдық кеңес жыл ішінде алдын алмаса саяси тұрақтылыққа нұқсан келтіріп, азаматтық келісімге қауіп төндіріп әлеуметтік шиеленістерге ұласып кетуі мүмкін облыстағы кейбір проблемалардың шешілуне атсалысты. Соның бірі елімізде саяси резонанс тудырған 2015 жылы «Жер кодексіне» енгізілген толықтырулар мен өзгерістер еді. Облыстық Қоғамдық кеңестің мүшелерінен жасақталған түсіндірме жұмыстарымен айналысатын топтар өткен жылдың 15 мамырынан бастап бірнеше ай бойы бес жарым мыңнан астам жер иелерін қамтыған 30-ға жуық кездесулерде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, 60-тан астам жұртшылықтан жазбаша түскен, кездесулерде айтылған ұсыныстарды зерделеп тиісті органдарға тапсырды.
Қоғамдық кеңес мүшелері халықпен кездескенде тек түсіндірме жұмыстарымен шектелмей, көтерілген проблеманың өз әлеуетіне сай тезірек шешімін табуына ынта танытуда. Оған дәлел, ылғалы кем, шөлейт аудандардағы жайылым проблемасының мемлекет қарауындағы орман шаруашылықтарының жерлерін жайылым ретінде тұрғындарға жалға беру арқылы, Қоғамдық кеңестің ықпалымен оң шешім тапқаны. Талас ауданы «Бостандық» ауылының тұрғындарының су берушілердің оның бағасын өлшеуіш құрылғысыз өз қалауларынша қойып жүргенін айтып еді. Бұл мәселе де шешімін тапты.
Тағы бір мысал.Сарысу ауданындағы «Қазақстанның әлеуметтік әділетті дамуы үшін қозғалысының» (төрағасы Қ. Жандарбек) атынан түскен өңір мен Жаңатас қаласындағы жұмыспен қамту, сыбайластық жемқорлық, кезінде фосфор өндірісінде ондаған жылдар жұмыс істеп кәсіби кеселге шалдыққандарға өтемақы, аудандық білім, денсаулық сақтау саласындағы басшы кадрлардың жөнсіз әрекеттері, өткен мәслихат депутатарын сайлаудағы заңнаманы бұзушылық жайы, нарықтық экономикаға өтпелі кезеңде иесіз қалып, кейіннен жөнделген пәтерлердің қолы жеткендерге заңсыз беріліп жатқандығы, қаладағы су құбырлары желілерін қайта жаңғырту мәселелрі көтерілген 13 тілек-талаптарды облыс әкімдігінің басқарма, департамент басшыларының қатысуымен облыстық кеңестің президиумы егжей-текжейлі талқылап, біразы сол жерде шешілді. Қалғандарына тиісті Хаттама қабылдады. Онда көтерілген проблемалардың әрқайсысы бойынша оларды орындауға жауапты облыстық басқармаларға, жүзеге асыру мерзімдері анықталған нақты ұсыныстар берілді. Хаттама облыстық кеңестің бақылауында тұр. Аталған жайға ұқсас жер-жерде анда-санда бой көрсетіп отырған жағымсыз психологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған шараларды облыстық Қоғамдық кеңес өзіне заңмен белгіленген өкілеттіктер шегінде қолданып жатыр, алдағы кезде де олар Кеңестің бақылаувнда болады.
Ал, кәсіби ауруға ұшыраған 45 адамның өтем ақысын төлеу мәселесі «Қаратау» өндірістік бірлестігінің қожайындары ауысқан кезде Республикалық жекешелендіру Комитетінің кінәсінен оның құқықтық мирасқорлығы анықталмағандықтан 18 жыл бойы шешімін таппаған проблеманың түйінін тарқату Үкімет дәрежесінде ғана мүмкін болып отыр. Сондықтан Облыстық қоғамдық кеңес Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Б.Бекназаров мырзаға хат жолдап, мәселені шешудің заңдылық жолдарын қарастырып қол ұшын беруді өтініп отырмыз.
Үшінші бағыт. Заңда белгіленген Қоғамдық кеңестің қоғамдық бақылау саласындағы өкілеттіктерінің іске асырылуы жергілікті мемлекеттік және өзң-өзі басқару органдарының шешімдер қабылдау процесіне азаматтардың қатысу мүмкіндігін кеңейту мақсатында қоғамдық мониторинг, қоғамдық сараптама, қоғамдық тыңдау және мемлекеттік орган жұмысының нәтижесі жөніндегі есептерін тыңдау арқылы жүргізіледі.
Қоғамдық тыңдау мен облыстық әкімдіктің басқарма басшыларының есебін тыңдау біздің тәжірибемізге еніп, орныға түсті. Өткен мерзімде Қоғамдық кеңестің отырысында жоғарыда айтылған облыс әкімінің жыл қорытындысы,алдағы жылдың міндеттері, облыстық қаржы басқармасының басшысы А. Қырықбаевтың 2015 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы, Тараз қаласының әкімі Н.Календеровтың қаладағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған Бағдарламасының орындалуы, облыс әкімдігінің дін істері басқармасының басшысы Ж.Омаровтың ҚР 2013-2017 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл бағдарламасынан туындайтын міндеттерді орындаудың облыстағы барысы туралы есептері тыңдалып жағдайды жақсартуға бақытталған ұсынымдар қабылданды.
Есепті кезеңде яғни маусым айында «Жамбыл ауданында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын заңмен қорғаудың қазіргі жай-күйі», қазан айының басында «Облыстағы мүмкіншілігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік жағынан құқын қорғаудың барысы» туралы екі қоғамдық тыңдау өткізілді. Екеуіне 800 ден астам адам қатысты. Қоғамдық тыңдауға дайындық барысында екі күн қатарынан қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Сексенге жуық сұрақтар түсті. Олар жан-жақты зерделеніп талап-тілектердің шешу жолдары қабылданған ұсынымдарға негіз болды. Екі тыңдаудың Ұсынымдары тиісті мелекеттік органдарға жөнелтіліп Қоғамдық кеңестің бақылауына алынды.
Облыстық Қоғамдық кеңестің биылғы жұмыс жоспарына бұған дейін қабылданған ұсынымдардың орындалуына мониторинг жүргізуді, аудан әкімдері жұмысының нысаналы индикаторларға қол жеткізулері туралы есептерін жергілікті жұртшылықтың қатысуымен кеңестің көшпелі отырысында тыңдауды енгізіп отырмыз. Сондай-ақ азаматтарды жұмыспен қамтудың «Жол картасы-2020», бизнестің «Жол картасы-2020», «Дипломмен-ауылға» бағдарламаларының орындалу барысы, азық-түлік (нан,қант, сұйық май, картоп, сәбіз т.б.) бағасын тұрақтандыру қорының жұмысы, ауылшаруашылығына берілетін субсидиялардың, жеңілдетілген бағамен шаруаларға босатылатын жанар,жағар май, сұйытылған газ көлемдерінің адреске жетіп тиімді жұмсалуы, суармалы жерлерге су жеткізу, ұсақ шаруа қожалықтарын ірілендіру т.б. оң шешімін табуға тиісті мәселелерді зерделеп жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару органдарына кемшіліктерді шешуге бағытталған ұсынымдар беру қоғамдық кеңес жұмысының мазмұнын құрамақ.
Төртінші бағыт. Қоғамдық кеңестер қызметінің ашықтығы мен жұмысының жариялылығын арттыру..
Есеп беріп отырған мерзімде облыстық Қоғамдық кеңестің азаматтық қоғамның мүддесін білдіру және мемлекеттік шешімдерді, жергілікті маңызы бар мәселелерді талқылау әрі қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру, жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын дамыту, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мен жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары .қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері бойынша облыстық «Ақ Жол», «Знамя труда», «Арай», »Жамбыл-Тараз» газеттерінде 60-қа жуық мақала жарияланды, «Қазақстан-Тараз» және «77» телеарналарда 21 хабар көрсетіліп, ғаламтордағы әлеуметтік желілер мен ақпараттық порталдарда 18 материал таратылды. Мұны жұртшылықтың бүгінгі ақпарат алуға деген сұранысын толық өтеп отыр деп айта алмаймыз Әлі де БАҚ өкілдерімен байланысты күшейтіп, екі жақ болып осал тұстарымызды ширата түсу мақсатымен арнайы медиа-жоспар жасауды қолға аламыз.
Облыстық Қоғамдық кеңестің 2016 жылы атқарған жұмысының бірпарасы осындай.Кемшілігіміз де жетерлік. Қоғамдық негізде жұмыс істейтін жаңа құрылым қиындыққа қиналып қарап отырмайды, өзіне берілген өкілеттіктер шегінде атқарушы билік пен бұқараның ақылдасу алаңына айналып, қоғамдық бақылаушы міндетін адал атқара береді.
(Облыстық Қоғамдық кеңестің жұмысы жайлы матералдарды толық көлемде oblmaslikhat.zhambyl.gov.kz сайтынан таба аласыздар).

Ж.КӘРІБАЙҰЛЫ,
Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы

11.01.2017 жыл

Добавить комментарий