2020 жылДене шынықтыру және спорт басқармасыЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫЖАҢАЛЫҚТАРӨҢІРЛІК ЖАҢАЛЫҚТАР

Жамбыл облысында күрестен Ж.Үшкемпіров атындағы халықаралық турнир өтеді

 

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-де Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың өңірден шыққан атақты спорт саңлақтарымен кездесті.

Жылы шырайда өткен кездесуде қатысушылар жамбылдық спортшылардың толағай жетістіктерін тілге тиек етіп, өңір спортын одан әрі дамыту бойынша ұсыныстарын ортаға сала отырып, болашақ жоспарларымен бөлісті.Бердібек Сапарбаев чемпиондарға өздерінің қажырлы еңбектерімен өңіріміздің атын асқақтатып жүргендігі үшін үлкен алғысын білдірді.

– Жамбылдықтар бірнеше рет Олимпиада чемпиондары атанды. Жеңімпаздардың арқасында Туымыз жоғары көтеріліп, Әнұранымыз бүкіл әлемге шырқалады. Әрине, бұл спортшылардың да, жаттықтырушылардың да қажырлы еңбегінің нәтижесі. Сіздер өз жетістіктеріңіз арқылы жастарды ынталандырып, олар үшін үлгі боласыздар. Өз кезегінде, ел басшылығы да қазақстандық спортты дамыту үшін барлық мүмкіндікті жасауда, – деді облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев спортшыларымен жақсы жаңалықпен бөлісіп, «Тараз-Арена» спорт сарайының жанынан бой көтеретін мұз айдыны, жеңіл атлетика манежі, теннис корты құрылысы туралы айтты. Жалпы, биыл облыста 13 спорт нысаны мен 92 алаңша салынады.

– Қазіргі таңда тұрғындардың 30 пайыздан астамы дене шынықтыру және спортпен шұғылданады. Жаңа спорт нысандары бұл көрсеткішті арттыра түсуге ықпал етеді деп ойлаймын,- деді аймақ басшысы.

Бүгінде облыс әкімінің тапсырмасы бойынша барлық мектептердің спорт залдары ретке келтіріліп, оқушыларға бос уақытта және демалыс күндері спортпен айналысуға жағдай жасалған.

Барлық аулалар спорт алаңшаларымен, барлық аудан орталықтары спорт кешендерімен қамтамасыз етілетін болады.

Жастарды спортқа тарту үшін аймақ басшысы ауқымды турнирлер өткізуді ұсынды. Кездесуде биыл Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері, Жамбыл облысының тумасы Жақсылық Үшкемпіров атындағы халықаралық күрес турнирін өткізу идеясы айтылды.

– Осыдан тура 40 жыл бұрын, спорттың тірі аңызы Жақсылық Үшкемпіров Олимпиада ойындарында жеңіске жеткен алғашқы қазақ атанды. Дәстүрлі түрде өтетін турнир осы айтулы датаға арналуы керек, – деді Бердібек Сапарбаев.

Қазақстан спортының жұлдызы аймақ басшысына құрметі үшін алғыс білдірді.

– Жас спортшылар осындай турнирлерге қатысып, үлкен тәжірибе жинақтайды. Олар үшін турнирдегі жеңіс спорттық Олимптің трамплиніне айнала түссін, – деді Жақсылық Үшкемпіров.

Сондай-ақ, ол спортшылар әрқашан мемлекеттің қолдауын сезінетіндігін айрықша атап өтті. Өз кезегінде бұл туралы Паралимпиада чемпионы Зульфия Габидуллина да растады.

– Ерекше қажеттілігі бар адамдарға сүйікті спорт түрімен шұғылдануға барлық жағдай жасалған. Енді оларды оңалтуға назар аудару керек. Бұл мәселені шешудің бір жолы спорттық-сауықтыру кешенін салу деп санаймын,-деді ол.

Аймақ басшысы оның ұсынысын қолдап, бұл мәселені міндетті түрде қарастыруға уәде берді.
«Қазақстан Барысы» турнирінің үш дүркін чемпионы Бейбіт Ыстыбаев спорт мектеп-интернаттарының көбеюі ауыл балаларына спортпен айналысуға мүмкіндік беретіндігін тілге тиек етті.

Кездесуде бокстан Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев, дзюдодан Олимпиаданың күміс жүлдегері Елдос Сметов, белгілі жаттықтырушы Болат Жұмаділов те сөз сөйледі. Кездесуге қатысушылар қатарында еркін күрестен Ақжурек Таңатаров, каратэші Гузалия Гафурова, боксшы Әбілхан Аманқұл, таеквондошы Руслан Жапаров та болды.

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ ректоры Махметғали Сарыбековтің айтуынша, бүгінде ұмытылып бара жатқан ұлттық спорт түрлерін дамытуға жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбеуде. Барлық ұсыныстар облыс әкімі тарапын қолдауға ие болды.

– Біз бірнеше рет жасөспірімдердің бір-біріне деген қатыгез қарым-қатынасының куәсі  болдық. Олардың күш-жігерін дұрыс жолға бағыттау керек десек, бұл орайда спорттың тамаша таңдай болары сөзсіз, – деп қорытындылады Бердібек Сапарбаев.

Добавить комментарий