2016 жыл2017 жыл2018 жылБАСШЫЛАРДЫҢ ЕСЕБІЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ЕСЕБІҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕР

КЕЛІСІМДІ, КЕЛІСТІ ҚОҒАМНЫҢ КЕЛЕШЕГІ АЛДА

КЕЛІСІМДІ, КЕЛІСТІ ҚОҒАМНЫҢ КЕЛЕШЕГІ АЛДА

(Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің 2016-2018 жылдары          аралығында атқарған жұмыстары туралы есебі)

 

Тәуелсіз Қазақстан дамуының жаңа белді белесінде «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде Елбасы – партия төрағасы – Н.Ә.Назарбаев ұсынған «Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет: Бес институционалдық реформа» бағдарламасы, оған ілешала қабылданған 100 нақты қадам – Ұлт жоспары аясында өмірге келген конкурстық негізде жасақталған Қоғамдық кеңестер билік пен азаматтық қоғам арасындағы дәнекер, әрі олардың күш-жігерін, мұрат- мақсаттарын бір арнаға тоғыстырып, кешегі түрі  ұлттық аталынғанмен мазмұны әміршілдік кеңестік жүйеде қалың жұртшылықты мейлінше мемлекеттендірілген ыңғайға жығылғыш, бейжай психологиядан арылтуға негіз қалап, атқарушы және өкілетті биліктің шешімдерін талқылау мен қабылдау кезінде өмірлік, өңірлік мәселелер бойынша бұқараның пікірімен санасатын, сондай-ақ, «ашық үкімет» тетігі арқылы олардың қызметінің жариялылығын қамтамасыз ететін, мемлекеттік органдар басшыларын ауық-ауық халық алдында есеп беруге міндеттейтін, аудандық, қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі Қоғамдық кеңестер мелекеттік органдар жанындағы консультативтік-кеңесші әрі бақылаушы құрылым ретінде Ата заңымыздың талабына сай халықты мемлекетті басқаруға көптеп қатыстырудың әлеуетті  тетігіне айналып отырғандығын тәжірибе көрсетіп отыр.

 

2016 жылдың ақпан-наурыз айларында өз жұмыстарын облыс, қала, аудан әкімдерінің жыл қорытындысы мен ағымдағы жылдың міндеттері туралы есептерін тыңдаудан бастаған облыс аумағындағы 246 мүшесі бар 12 Қоғамдық кеңестердің 3 жылға жуық мерзім ішінде негізгі 5 бағыты бойынша атқарған жұмыстары төмендегідей.

 

Бірінші бағыт. Қоғамдық кеңестер туралы заңның 5 бабының талаптарына сәйкес облыстық бюджеттің жобаларын, олардың орындалуын, атқарушы органдардың нысаналы индикаторларға қол жетізу туралы есептерін тыңдау, облыс әкімдігінің азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және талқылауға қатысу сияқты салаларын қамтиды.

Облыстық Қоғамдық кеңес «2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы», «Жамбыл облысын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасына өзертулер мен толықтырулар енгізу туралы, 2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық мәслихат шешімдерінің жобаларын (барлығы 16 мәселе бойынша) қарап тиісті қорытынды ұсынымдар берді.

Сондай-ақ, үш жылда күні кешеге дейін облыс әкімдігінің әр кезде қабылдаған ауылшаруашылығы, денсаулық сақтау, жер қатынастары, табиғи ресурстар мен табиғатты реттеу, білім, мәдениет, сәулет және қала құрылысы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, энергетика мәселелері жөніндегі 200-ден астам нормативтік-құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілген қаулы жобалары қоғамдық кеңестің отырысында талқыланып, олар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірмейді деп танылып, әрі қарай басқа  органдардың қарауына жіберілді. (Айта кеткен артық болмас, егер Қоғамдық кеңестің қорытынды тұжырымы болмаса, онда азаматтардың құқықтары мен еркіндігіне қатысты нормативтік құқықтық актілер әділет органдарында тіркелмейді). Заңның  бұл талабын Қоғамдық кеңестер мүлтіксіз орындауда.

 

    Елбасы Н.Назарбаевтың «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» реформасын жүзеге асыратын Ұлт жоспарының 99 қадамына сәйкес, мемлекеттік қызмет көрсетулердің бірыңғай провайдері «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясының құрылуы себепті осыған дейінгі қабылданған облыс әкімдігі басқармаларының азаматтарға мемлекеттік қызметтер көрсету регламенттерін қайта рәсімдеу үдерісіне байланысты қоғамдық кеңес мемлекет тарапынан азаматтарға көрсетілетін қызметтердің 96 регламентІнің жобаларын зерделеп оларды қабылдауға келісім берді.

Қоғамдық кеңес туралы заңның 19 бабының 3 тармақшасына сәйкес кеңес мүшелерінің алдын ала облыс әкімдігі жанындағы 19 комиссия құрамына енгізілуі құжаттардың дайындалу кезеңінде-ақ кейбір кемшіліктерді дер кезінде түзеуге септігін тигізіп отырды. Десек те, «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңның 16 бабының нормасына сәйкес, мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарттары республика деңгейінде ҚР Әділет министрлігінде тіркелгеннен кейін күнтізбелік 30 күн ішінде облыс басқармалары мемлекеттік қызметтердің регламенттерін әзірлеп облыс әкімдігінің қарауына ұсыну тәртібі мен мерзімі көп ретте сақтала бермейтіндігін жасыра алмаймыз. Орындаушылық тәртіптің талап дәрежесіне сай еместігіне Қоғамдық кеңестің Президиумы бірқатар облыс әкімдігі басқармаларының назарын аударып отыруға тура келді.

 

Екінші бағыт.

Заңның 16 бабының 3 тармағына сәйкес облыстық Қоғамдық кеңестің азаматтардың атқарушы биліктің қызметіне сенім деңгейін арттыруға, қоғам мен мемлекет арасында қайтымды байланысты қамтамасыз етуге және ел дамуына кедергі келтіретін   кемшіліктердің оң шешім табуына бағытталған қызметі де жұртшылықтың талап-тілегімен рухани сұранысымен тығыз байланыста жүргізілуіне Қоғамдық кеңестердің ден қоюы оң нәтиже беруде.

       Қоғамдық кеңес мүшелері халықпен кездескенде тек түсіндірме жұмыстарымен шектелмей, көтерілген проблеманың өз әлеуетіне сай тезірек шешімін табуына ынта танытуда. Оған дәлел, ылғалы кем, шөлейт аудандардағы жайылым проблемасының мемлекет қарауындағы орман шаруашылықтарының  жерлерін жайылым ретінде тұрғындарға жалға беру туралы жұртшылық ұсыныстары Қоғамдық кеңестің ықпалымен оң шешімін тапқанын, сондай-ақ, Талас ауданы «Бостандық» ауылы тұрғындарының су берушілердің ағынды су бағасын өлшеуіш құрылғысыз «өзім білем» принципімен өз қалауларынша қойып жүргеніне аудан Қоғамдық кеңесінің (Жұмабек Әсемов мырзаның) араласуымен тосқауыл қойылып, бұл мәселе де  өз шешімін тапты.

Сонымен қоса, Қоғамдық кеңестерге берілген құқық аясында (заңның 5 бабының 7 тармақшасы заңнаманы жетілдіру бойынша) сол кезде Парламентте дайындалып жатқан мал жайылымы туралы заң жобасына ауыл тұрғындарының жекеменшік малдары үшін ауыл айналасындағы жайылымдарды ортақ пайдалануды заңдық нормамен реттеу жөнінде ұсыныс әзірленіп жоғарғы заң шығару органына ұсынылды.

Билік пен бұқараның ақылдасу алаңы ретінде Қоғамдық кеңес әлеуметтік шиеленіске ұласуы мүмкін жағдайлардың алдын алуды (16 бап 3 тармақшасы  шеленістің алдын алу) баптың өз жұмысының өзегіне балап, оған ерекше мән беріп келеді. Сарысу ауданындағы «Қазақстанның әлеуметтік әділетті дамуы үшін қозғалысының» (төрағасы Қ.Жандарбек) атынан түскен өңір мен Жаңатас қаласындағы жұмыспен қамту, аудандық білім, денсаулық сақтау саласындағы басшы кадрлардың жөнсіз әрекеттері, нарықтық экономикасына өтпелі кезеңде иесіз қалып, кейіннен жөнделген пәтерлердің қолы жеткендерге заңсыз беріліп жатқандығы, қаладағы су құбырлары желілерін қайта жаңғырту мәселелері көтерілген 13 тілек-талаптарды облыс әкімдігінің басқарма, департамент басшыларының қатысуымен облыстық кеңес Президиумының көшпелі отырысында оларды егжей-текжейлі талқылап, біразы сол жерде шешілді. Тиісті хаттама қабылданды. Онда көтерілген проблемалардың әрқайсысы бойынша оларды орындауға жауапты облыстық басқармаларға, жүзеге асыру мерзімдері анықталған нақты ұсынымдар берілді. Хаттаманы облыстық Қоғамдық кеңестің бақылауына алып, назарда ұстап отырмыз.

Қоғамдық Кеңестің 5 комиссиясы азаматтарды жеке және көпшілікке ортақ мәселелері бойынша сауалнама жүргізуді, қоғамдық қабылдаулар өткізуді дағдыға айналдырды. Онда жамағат көтерген мәселелер қаперге алынып, аса маңыздылары атқарушы биліктің қарауына ұсынылып Заңның 1 бабының 8 тармақшасының кеңестердің ұсынымдарына мемлкеттік органдардың шара қолдануы үшін міндетті деген талабы оң шешімін тауып та жүр. Мәселен, Байзақ ауданында қоғамдық қабылдаулар өткізіп, онда тұрғындар тарапынан көтерілген «Кеңес», «Шахан» ауылдарына ағын су жеткізу, 21 елді мекенге газ кіргізу, 30 мыңнан астам халық тұратын аудан орталығы мен «Тегістік» ауылының тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету секілді маңызы үлкен әлеуметтік мәселелер де талқыға түскен еді. Олар ескерусіз, елеусіз қалған жоқ. 2017 жылдың 4 сәуір күні осыған орай Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаhандық бәсекелестікке қабілеттілік» атты Жолдауынан туындайтын 7 тапсырмасына сәйкес Байзақ ауданының агро-өнеркәсіптік кешеніндегі кәсіпкерліктің дамуының жайы мен проблемалары» тақырыбындағы облыстық Қоғамдық тыңдау өткізілді. Тыңдау нәтижесі ретінде облыстық Қоғамдық кеңестің тікелей араласуымен жоғарыда айтылған «Кеңес» және «Шахан» ауылдары дихандары мен тұрғындары үшін ағын су жеткізу проблемасы өз шешімін тапты. Облыстық мәслихат депутаттарының қолдауымен бюджеттен 30 млн теңге сомасында  қаржы бөлініп аталған ауылдарға су жеткізу үшін ұзындығы 25 шақырым кезінде қараусыз қалған канал тазаланып, нәтижесінде 3 мың гектарға жуық айналымнан шығып қалған суармалы жер өткен жылдан бастап ел игілігіне кәдеге асып жатыр.

 

Үшінші бағыт.

Заңда белгіленген Қоғамдық кеңестің қоғамдық бақылау саласындағы өкілеттіктерінің іске асырылуы жергілікті мемлекеттік жәнө өзін-өзі басқару органдарының шешімдерін қабылдау және оларды орындау процесіне азаматтардың қатысу мүмкіндігін кеңейту болып табылады. Мұны біздегі Қоғамдық кеңестер өз жұмысындағы басты бағыттардың бірі ретінде қарастырып отыр. Атап айтатын болсақ, осы мақсатпен республикада алғашқы рет  ұйымдастырылған облыстық, қалалық және аудандық Қоғамдық кеңестер жұмысын әдістемелік жағынан үйлестіру Орталығының (Кеңесінің) жұмыс жоспары негізінде Елбасының 5 әлеуметтік бастамасының  (1. Әрбір отбасына баспана (7-20-25 ). 2. Жалақысы төмендерге салық жүктемесін азайту арқылы көбейту, 3. Студенттерді жатақханамен қамту. 4. Шағын несие беруді көбейту. 5. Газдандыруды жалғастыру.). «Рухани жаңғыру», «Нұрлы жер», «Атаулы әлеуметтік көмек» бағдарламаларының, мемлекеттік қызметтер көсету реламенттерінің облыста орындалуының барысына, Тараз қаласындағы жолаушыларды тасымалдаудың жайына қоғамдық бақылау жасау, ауылдардағы мал ұрлығы ахуалын зерделеу, жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың себептері мен салдарын мониторингтеп отыру, қалалар мен аудан орталықтарындағы дәріханаларда сатылатын өмірге аса қажетті дәрі-дәрмектер бағаларының ала-құлалығын болдырмауға бағытталған Қоғамдық кеңестердің ұсынымдарын беру, «Дипломмен-ауылға» бағдарламасының орындалу барысын, азық-түлік (нан, қант, сұйық май, картоп, сәбіз т.б.) бағасын тұрақтандыру қорының жұмысы, ауылшаруашылығына берілетін субсидиялардың, жеңілдетілген бағамен шаруаларға босатылатын жанар-жағар май, сұйытылған газ көлемдерінің адреске жетіп тиімді жұмсалуы, суармалы жерлерге су жеткізу, ұсақ шаруа қожалықтарын ірілендіру, білім, медицина т.б. салалардағы тағдыр шешті мәселелердің орындалу барысын белсенділерден жасақталған бақылау топтарының қадағалау жайын, олармен жұртшылықты әлеуметтік желі, бұқаралық-ақпарат құралдары арқылы хабардар етіп отыру Қоғамдық кеңестер жұмысының мазұнына айнала бастағандығын айтуға тиіспіз.

 

Төртінші бағыт. Қоғамдық кеңестер қоғамдық мүдделерді қорғауға бағытталған заң берген өкілеттіктер аясында қоғамдық мониторинг, қоғамдық тыңдау, қоғамдық сараптама және мемлекеттік орган басшылары жұмысының нәтижелері туралы есептерін тыңдау формалары арқылы өз жұмыстарын ілкімді ұймдастыруымен көпшілікке   таныла бастады.

Өткен мерзімде Қоғамдық кеңестің отырысында жыл қорытындысы бойынша облыстық, қалалық және аудандық деңгейлердегі облыс әкімінің, облыстық бюджеттің атқарылуы туралы облыстық қаржы басқармасы басшысының, Тараз қаласы әкімінің қаладағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған Бағдарламасының орындалуы, облыс әкімдігінің дін істері басқармасының басшысы Ж.Омаровтың ҚР 2013-2017 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл бағдарламасынан туындайтын міндеттерді орындаудың облыстағы барысы туралы есептері тыңдалып, жағдайды жақсартуға бақытталған ұсынымдар қабылданды.

Сондай-ақ, Елбасының 100 нақты қадам бағдарламасының 31-қадамына сәйкес этикалық нормаларды бұзуға жол берген полицейлердің іс-әрекеттеріне шағымданған азаматтардың арызы бойынша 4 мәселе Қоғамдық кеңес отырысының күн тәртібіне қойылып, шара қолдану үшін қабылданған ұсынымдар тиісті органдардың басшыларына  жіберілді.

Заңның 21 бабының  талабына сәйкес 3 жылға жуық уақыт ішінде «Жамбыл ауданында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын заңмен қорғаудың қазіргі жай-күйі», «Облыстағы мүмкіншілігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік жағынан құқын қорғаудың барысы» туралы, Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаhандық бәсекелестікке қабілеттілік» атты Жолдауынан туындаған 7 тапсырмасына сәйкес, «Облыстағы агро-өнеркәсіптік кешеніндегі кәсіпкерліктің дамуының жайы мен проблемалары», «ҚР нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасының облыста орындалу барысы» тақырыптары бойынша 4 Қоғамдық тыңдау өткізілді. Тыңдауға дайындық барысында Қоғамдық кеңеске жер-жерден алдын ала 120-ға жуық сұрақтар мен жағдайды жақсартуға бағытталған ұсыныстар түсті. Олар жан-жақты зерделеніп тыңдауда қабылданған ұсынымдардың негізін құрады.

 

Бесінші бағыт. Қоғамдық кеңестер қызметінің ашықтығын, жұмысының пәрменділігі мен жариялылығын арттыруға өзара сенім негізінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайластық жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен бірлесіп іс-шара өткізу, жұмысымыздың жаңа формасы ретінде тәжірибеге еніп келеді. Бүгінгі форум соның жарқын көрінісі. Бұған дейін облыс азаматтарына мемлекеттік қызмет көрсетулердің өңірдегі ахуалын облыстық Қоғамдық кеңестің отырысында талқылап, жағдайды жақсартуға бағытталған ұсынымдар қабылдадық. Облыстық Қоғамдық кеңестің хатшысы С.Сейдазімов  жетекшілік ететін 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуын бақылайтын сыртқы талдау және бағалау жөніндегі арнайы мониторингтік топ жұмыс істейді. Биыл жыл соңына дейін  облыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреспен айналысатын ведомствоаралық комиссияның 2018 жылы қараған мәселелері бойынша қабылдаған ұсынымдарының орындалу барысы жөнінде кейбір қала, аудан әкімдері мен құқық қорғау органдарының, облыстық басқарма басшыларының есебін тыңдауды жоспарлап отырмыз. Жұмысымыздың ашықтығы басты назарда.

Жақында облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Құрманғали Берік Уәлиұлының қолдауымен «Жергілікті өзін-өзі басқаруды және қоғамдық бақылауды дамыту бойынша ақпараттық орталықты ұйымдастыру» әлеуметтік жобасының аясында облыстағы Қоғамдық кеңестері жұмысының жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында Q-KENES.KZ домені негізінде республикада алғашқы болып арнайы сайт ашылды. Ендігі жерде өз сайтымыз арқылы облыстағы Қоғамдық кеңестердің жұмысын жан-жақты жарнамалауға   жағдай туды.

 

Облыс аумағындағы Қоғамдық кеңестердің аталған мерзімде  негізгі жұмыс бағыттары бойынша атқарған қызметін түйіндейтін болсақ, тек облыстық Қоғамдық кеңестің өзі 18 жалпы, 80 президиум отырысын, 5 қоғамдық тыңдау, 14 жұмыс бағыттары бойынша мониторинг, 5 облыс әкімдігі басшыларының есебін  тыңдап, облыс әкімдігінің 300-ден астам нормативтік- құқықтық актілеріне әділет органдарына тіркеу үшін сараптама қорытындылары мен ұсынымдар беріп, маңызды саяси тақырыптар аясында облыстық ақпараттық-насихат топтарының құрамында халық арасында әңгімелер өткізумен айланысты, бұларға қалалық, аудандық Қоғамдық кеңестердің атқарған жұмыстарын қоссаңыз онда Қоғамдық негізде жұмыс істейтін арнайы аппараты жоқ жаңа құрылымдардың  қиындыққа қиналып қарап отырмағанын, өзіне берілген өкілеттіктер шегінде атқарушы билік пен бұқараның ақылдасу алаңына айналып, қоғамдық бақылаушы міндетін тыңғылықты атқарды.

Енді, облыстық Қоғамдық кеңестің жаңа құрамына заңмен өзіне берілген өкілеттіктер аясында талапқа сай жұмыс атқаратындығына сенеміз және табыс тілейміз.

 

ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ПРЕЗИДИУМЫ

Добавить комментарий