2020 жылБАСШЫЛАРДЫҢ ЕСЕБІЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫЖАҢАЛЫҚТАР

Бердібек Сапарбаев электронды билет жүйесін енгізу жұмыстарын сынға алды

Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевтың айтуынша, карантинге байланысты техниканы жеткізуде қиындықтар туындаған. Шаһар басшысы қажетті жабдықтар тамыз айының басында Қытайдан жеткізілетіндігіне сендірді. Сондай-ақ,электронды карталар жоспарланған мерзімнен сәл кешірек Ресейден жеткізіледі.

Пайда болған мәселелерді ескере отырып, Айтқазы Қарабалаев аймақ басшысынан электронды билеттер жүйесін енгізуді 15 тамызға ауыстыруды сұрады. Ол «Tulparcard» веб-сайты мен мобильді қосымшасы жасалып жатқандығын да айтып өтті.

– Тараз қаласының әкімдігі де, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы да қолма-қол ақшасыз төлем жүйесін енгізуге тиісті деңгейде көңіл бөлмеген. Әуел бастан басқа өңірлердің тәжірибесін зерделеп, барлық қателіктерді ескеру қажет еді. Бірақ, бұл туралы ешкім ойлағысы да келмейді, – деді облыс әкімі.

Ол Тараз әкіміне қала тұрғындары арасында ақпараттандыру жұмыстарын жүргізіп, жүйенің қалай жұмыс істейтінін түсіндіруді тапсырды.

– “Tulparcard” электронды картасы балаларымызды қорғауға тамаша мүмкіндік береді. Қосымша функцияларды қосу керек. Сіз бұл карталарды мектепке кіру үшін пайдаланып, асханада түскі ас үшін төлем жасай аласыз. Ал, мобильді қосымша ата-аналарға балаларын бақылауға мүмкіндік беруі керек. Осы функциялардың бәрі жүйе іске қосылғанға дейін электрондық картаға және мобильді қосымшаға енуі тиіс, – деп тапсырды облыс әкімі.

Басқосу барысында өңірдегі цифрлық технологияларды дамыту мәселелері де талқыланды.

Инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығының басшысы Дамир Егізбаев «Цифрлы Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасына сәйкес «Ақылды қала» тұжырымдамасының жүзеге асу барысы туралы баяндады.

Цифрлық технологияларды дамытуда да шешімін күткен көптеген мәселелердің бар екені белгілі болды. Бұл орайда құрылыс, әлеуметтік сала, экология, қауіпсіздік, көлік, ТКШ, бизнес және туризм салаларында төмен көрсеткіштер байқалады.

Дамир Егізбаев аудандарда бейнебақылау камераларының санын көбейтуді, 112 Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметін енгізуді, салынып жатқан және пайдалануға берілген объектілерді бақылайтын интернет-ресурс құруды, электрондық денсаулық паспорттарын енгізу бойынша жұмыстарды күшейтуді, телемедицина мүмкіндіктерін барынша пайдалануды ұсынды.

Облыс әкімі “Ақылды қала” тұжырымдамасын жүзеге асыру жұмыстарын жүйелеуді тапсырды.

– Цифрландыру жұмыстары әлсіз және жүйесіз жүргізілуде. Инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығы мен басқармалардың өзара келісім мен үйлесімді жұмысы көрінбейді. Біз өмірімізді жақсартудың көптеген мүмкіндіктерді жіберіп аламыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру тек бір саланы жетілдіруге ғана емес, экономика мен қоғамдық өмірдегі елеулі өзгерістерге де бағытталғанын әрдайым айтып келеді. Тіршілктің барлық салаларына озық және заманауи технологияларды енгізу басым міндет болып қалуы тиіс, – деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.

Добавить комментарий