БАЙЗАҚ АУДАНЫБАСШЫЛАРДЫҢ ЕСЕБІҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕРӨҢІРЛІК ЖАҢАЛЫҚТАР

БАЙЗАҚ АУДАНЫНЫҢ БЮДЖЕТ ЖОБАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Алдағы 2022 - 2024 жылға арналған аудан бюджеті жобасында 2022 жылға бюджеттің кірісі 5 млрд. 853 млн. 969 мың теңгені құрайды деп күтілуде. Оның ішінде, аудан бюджетінің өзіндік кірісі 1 млрд. 993 млн. 557 мың теңге, жоғары тұрған бюджеттен түскен трансферттер 2 млрд. 743 млн. 067 мың теңге, ал, субвенция 898 млн. 863 мың теңгені құрамақ.

Мұндай мәліметті аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткізілген аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Дулат Жақыпбеков келтірді. Қоғамдық кеңес төрағасы Жұманғали Құмғанбаевтың төрағалығымен өткен отырысқа аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил мен кеңес мүшелері қатысты. 

Алдымен отырыстың күн тәртібі мен регламенті бекітілген соң, аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Дулат Жақыпбеков «2022-2024 жылдарға арналған Байзақ ауданы бюджетінің жобасы» туралы баяндамасын жасады. 

Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры есебінен түсетін трансферттік түсімдер Байзақ, Көктал ауылдарындағы су қабылдау құрылыстары мен су құбыры желілерін салуға және Ботамойнақ, Қайнар, Мырзатай, Сеңкібай, Абай, Көктал, Сарыкемер ауылдарындағы көшелерді орта жөндеуге жұмсалатын болады. 

Республикалық бюджет есебінен түскен трансферттік түсімдер мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз етуге және өмір сүру сапасын жақсартуға, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек төлеміне, еңбек нарығын дамытуға, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін жұмыскерлердің жалақысына қосымша ақылар белгілеуге, мәдениет ұйымдарының басқарушы және негізгі персоналына мәдениет ұйымдарындағы ерекше еңбек жағдайлары үшін лауазымдық айлықақысына қосымша ақылар белгілеуге, азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлері, қазыналық кәсіпорындар қызметкерлері жалақысын көтеруге бағытталып отыр.

Сонымен қатар, мамандарды әлеуметтік қолдау шараларын іске асыру үшін республикалық бюджеттен жергілікті атқарушы органдарға берілетін бюджеттік кредиттердің сомалары мен облыстық бюджет есебінен трансферттік түсімдер жөнінде де жекелей атап өткен Дулат Бекбосынұлы аудан бюджетінің шығысы тиісінше 5 млрд. 853 млн. 969 мың теңгені құрайды деп жоспарланып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы атқарылатын жұмыстарға бөлінген қаражат көлемі жайлы ақпарат берілді. 

Күн тәртібіндегі мәселеге орай, отырыс қатысушылары тарапынан баяндамашыға сауалдар қойылып, оған тиісті жауаптар қайтарылып, айтылған ұсыныстар назарға алынды. Жиын соңында күн тәртібіне шығарылған мәселеге байланысты кеңес мүшелері Қарар қабылдап, кеңес төрағасы Жұманғали Құмғанбаев қорытынды жасады. 

Добавить комментарий