2020 жылДін істер басқармасыЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫЖАҢАЛЫҚТАРӨҢІРЛІК ЖАҢАЛЫҚТАР

Ауқымды тәрбие жұмыстарын жүзеге асыру арқылы экстремизм мен терроризм көріністерінің алдын алуға болады – Сапарбаев

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен облыстағы экстремизм және терроризмге қарсы күрес мәселелері жөнінде мәжіліс өтті. Жиында алғашқы болып баяндама жасаған облыс әкімдігі дін істер басқармасының басшысы Жангелді Омаров «2018-2022 жылдарға арналған экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл» бағдарламасының бағдарламаның мақсатты индикаторлары мен тармақтарының орындалуы туралы хабарлады.

Басқарма басшысының айтуынша діни топтар мен қауымдастықтардың радикалдық идеологияға қарсы иммунитетін қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру және насихат жұмыстары 80 пайызға орындалған. Деструктивті топтардың 11 көшбасшысымен әңгімелесулер өткізіліп, үш адам қоғамға бейімделген.

– Теологтарға деструктивті ағымдардың жетекшілерімен және белсенділерімен кездесу көбіне қиынға соғады. Бұл орайда жалған діни бірлестіктердің өкілдерімен алдын алу шараларын өткізуде құқық қорғау органдарынан көмек қажет,- деді спикер.

Облыс әкімі теологтардың имамдармен және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті.

– Бірлесіп жұмыс істеу керек. Мен өз орынбасарыма бірлескен жұмыстың қалай және қай деңгейде ұйымдастырылғанын бақылауды тапсырамын. Бұл жерде имамдардың жұмысын күшейте түскен дұрыс, өйткені оларды тыңдап, сенетіндер көп, – деп түсіндірді Б.Сапарбаев.

Сондай-ақ, сотталғандардың радикалды идеология мен радикализацияға қарсы иммунитетін нығайтуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен қамтудың мақсатты индикатордың орындалуы 100 пайызды құраған. 2018-2019 жылдары да бұл көрсеткіш осы деңгейде болған десек, нәтижесінде 33 сотталушы радикалды көзқарастарынан қайтқан.

– Бүгінде карантин шараларына байланысты түзету мекемелерінде түсіндіру жұмыстары онлайн режимінде жүргізілуде. Есепті кезеңде 21 онлайн сабақ және екі жеке әңгімелесу өтті. Карантин режимі жеңілдетілгеннен кейін біз бұл жұмыстарды жалғастыратын боламыз,-деді басқарма басшысы.

Ақпараттық-түсіндіру топтары теолог-мамандармен 80 пайызға қамтылған. Топ құрамында 26 дінтанушы, бір философ және бір филолог жұмыс істейді.

Облысымыздың 131 студенті еліміздің жоғары оқу орындарында діни білім алуда десек, оның 27-сі биыл бітірмек. Студенттердің басым бөлігі Алматыдағы «Нұр-Мүбәрак» университетінде, қалғаны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде, шет тілдер және іскерлік мансап университетінде оқиды.

– Сонымен қатар, 115 жамбылдық Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанындағы медресе мен колледждерде білім алуда. Олардың 41-і биыл тәмамдамақ. Тараздағы Хибатулла Тарази мешітіндегі медреседе 37 шәкірт білімін шындауда. Алты студент Мысырдағы Әл-Азхар университетіне ҚМДБ бағыты бойынша оқуда. Олардың екеуі биыл бітіріп, ҚМДБ-да қызмет ете бастайды, – деді Ж.Омаров.

Өңір басшысы жиынға қатысушыларды экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында жұмыстарды мұқият ұйымдастыруға шақырды.

– Конференциялар мен семинарлар, оларды әсіресе халықаралық деңгейде өткізу керек. Дер кезінде және тиісті деңгейдегі шараларды қамтитын ауқымды тәрбие жұмыстарының жүзеге асыру арқылы экстремизм мен терроризм көріністерінің алдын алуға болады. Бұл тұрғыда бұған дейін атап өткенімдей, барлық мүдделі құрылымдардың бірлескен жұмысы өте маңызды, – деп түйіндеді өз сөзін Б.Сапарбаев.

Добавить комментарий