2020 жылЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫЖАҢАЛЫҚТАР

Ағымдағы жылы 84,9 млрд.теңгеге 13 инвестициялық жоба іске асырылуда

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте экспортқа бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыру және инвестиция көлемін ұлғайту мәселелері талқыланды.

Отырыс Youtube платформасында облыс әкімдігінің ресми арнасы арқылы тікелей эфирде көрсетілді.

Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады.

Жамбыл облысында «индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы» аясындағы 26 жоба бойынша 6 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Іске асыру мерзімі – 2020-2025 жылдар аралығы. Олардың қатарында химия өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені, металлургия, фармацевтика, машина жасау салаларындағы жобалар бар.

2019 жылы жалпы сомасы 4,5 млрд.теңгеге 4 жоба іске асырылды. Атап айтсақ, “GREENWILL” ЖШС аквапоника технологиясы негізінде салат дақылдары мен балық өндірісі жолға қойылып, “Super-pharm” ЖШС бір реттік медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндіру зауытының корпусы ашылды, “Қордай сүт өнімі” ЖШС балмұздақ өндіру бойынша жаңа автоматтандырылған желісін енгізсе, ал, “Қордайкорм” ЖШС малға арналған құрама жем өндірісін кеңейтті. Барлығы 350 тұрақты жұмыс орны құрылған.

Ағымдағы жылы жалпы құны 84,9 миллиард теңгені құрайтын 13 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.

Бүгінгі күнге дейін «Astana Food Storage» ЖШС ауылшаруашылық паркін ашса, «Wind powercity» ЖШС жел электр станциясы өз жұмысын бастады. Сондай-ақ, «Азия Сад» ЖШС интенсивті бақшаны іске қосқан.

Жыл соңына дейін 66,1 млрд.теңгеге тағы 10 жоба жүзеге асырылмақ.

Бердібек Сапарбаев жобалардың келесі жылға қалмас үшін барлық жағдайларды алдын-ала ескеріп, мәселелерді дер кезінде шешуді тапсырды.

Тиісті басқарма 2015-2019 жылдар аралығында жүзеге асырылған 31 жобаны талдап, 11 кәсіпорынның өзінің толық қуаттылығының 50 пайызынан аса алмағанын анықтаған.

– Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері шикізатпен, экспортпен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге бағытталған Жол картасын әзірлеуі керек. Ол алдағы уақытта кәсіпорындардың толық қуатына шығуына мүмкіндік береді, – деді Аспандияр Сейсебаев.

Спикер әсіресе Жуалы, Меркі, Жамбыл жне Т.Рысқұлов ауданында инвестицияларды тарту жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмегендігін атап өтті.

Осы тұрғыда туындаған сұрақтарға аудан әкімдері мардымсыз жауаптар қайырды. Олардың айтуынша, жобалар жоқ емес, дегенмен олар әзірге тек талқылау сатысында екен.

– Аудандарда мүмкіндіктер өте көп, бірақ әкімдер кабинеттерінде отырып алып, инвесторлардың өздері келуін күтеді. Олар тіпті облыс әкімдігінің басқармаларымен, кәсіпкерлік нысандарымен бірлесіп жұмыс жасау туралы ойға да алмайды. Егер сіздер өз міндеттеріңізге жауапкершілікпен қарасаңыздар, онда ауылшаруашылығы саласында көптеген бірегей жобаларды жүзеге асыруға болар еді. Мысалы, Жуалы ауданында картоп талайдан бері өсіріліп келеді. Бірақ егін алқаптары мен өнім көлемін ұлғайтуға, техникамен қамтуға көмектесу қажет.

Көкөністер мен жемістермен қамтамасыз ету мәселесін шешуге болады. Баламалы энергия көздерін пайдалана отырып, бизнесті дамытуға мүмкіндік жеткілікті. Әкімдер бұл туралы ойласып, әлеуетті инвесторларды тарту, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде бизнес-жобаларды қолдау бойынша жұмыстар жүргізу керек, – деді аймақ басшысы.

Кездесуді қорытындылай келе, Бердібек Сапарбаев жауапты тұлғаларға жылыту маусымы мен коронавирус пандемиясының екінші толқынына дайындық, қашықтықтан оқыту сапасын арттыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызмет

Добавить комментарий